"Мектептегі парламент дегенді тоқтату керек!": Желіде сұмдық пікірталас басталды

"Мектептегі парламент дегенді тоқтату керек!": Желіде сұмдық пікірталас басталды

Әлеуметтік желіде мектеп парламентінің жұмысына қатысты өткір пікірталас басталды. Оқушылардың өзін-өзі басқаруына арналған ұйымның кейбір мүшелері өзге балалардың сөмкесін тексеріп, ақша жинаумен айналысады деген мәлімдеме көпшіліктің наразылығын туғызды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі мектеп парламентін мүлде тарату керек десе, енді бірі мәселе ұйымның өзінде емес, оның жұмысын ұйымдастыруда екенін алға тартты, деп жазады Democrat.kz.

««Мектеп Парламент» дегенді 100%ға тоқтату керек».

Әлеуметтік желіде осындай пікір жазған қолданушы мектеп парламентінің қызметін өткір сынады.

Оның айтуынша, мектептерде жоғары сыныптың үздік оқушыларынан құралған парламент мүшелеріне өзгелерден артық өкілеттік берілетін жағдайлар кездеседі.

Жазба авторы мектеп парламентінің кейбір мүшелері арнайы киім киіп, басқа оқушылардың сөмкесін тексеріп жүргені туралы бейнежазба көргенін айтқан.

Ол мұндай әрекеттерді балалар арасындағы теңсіздік пен әлімжеттіктің бір көрінісі деп бағалайды.

«Барлығы бір теңде болу керек», – дейді жазба авторы.

«Мектеп парламенті ақша жинайтын ұйым ба?»

Жазбадағы тағы бір өткір мәселе – мектеп парламентінің түрлі іс-шараларға ақша жинауы.

Автордың мәлімдеуінше, парламент мүшелері оқушылардан қаражат жинайды.

Бұл пікірді қолдағандар да табылды.

«Сізбен толықтай келісемін бітпейтін ақша жинау. Мұғалімдер мейрамдарға ақша өздері жинап, ұйымдастырмас үшін құрылғандай», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Алайда кейбір оқырмандар мұндай сынмен келіспейді.

«Парламент деген тек іс шара ұйымдастырып , басқарып,соған көмектесіп жүретін едіғой. Сөмке тексеру дегенде барма не ?» – деген пікір де айтылған.

Осылайша талқылауда мектеп парламентінің шынайы міндеті қандай болуы керектігі туралы екі түрлі көзқарас қалыптасты.

Оқушы басқа баланың сөмкесін тексере ала ма?

Қазақстандағы мектеп парламенті оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту, қоғамдық бастамаларын қолдау және мектеп өміріне қатысуына мүмкіндік жасау үшін құрылған.

Оның негізгі міндеттері – оқушылардың мүддесін білдіру, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу және мектептегі мәселелерді шешуге атсалысу.

Алайда бұл міндеттер парламент мүшелеріне өзге оқушылардың жеке заттарын өз бетінше тексеруге құқық бермейді.

Оқушының сөмкесін оның келісімінсіз ақтару мен жеке заттарына қол сұғу құқықтық негізді талап етеді.

Ал мектеп парламентінің мүшесі болу өзге балалардың үстінен бақылаушы болу дегенді білдірмейді.

Сондықтан әлеуметтік желіде айтылған сөмке тексеру жағдайлары рас болса, мұндай әрекетке кім рұқсат бергені және оның қандай негізде жүргізілгені анықталуға тиіс.

«Мәселе парламентте емес»

Дегенмен пікір білдірушілердің бәрі мектеп парламентін тарату қажет деп есептемейді.

Кейбірі оқушылардың өзін-өзі басқаруы олардың жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін айтады.

Бұл пікірді ұстанушылардың ойынша, мәселе мектеп парламентінің құрылуында емес, оған қандай міндеттер жүктелетінінде.

Шынында да, мектептегі іс-шараларды ұйымдастыру мен өзге оқушылардың жеке заттарын тексеру – екі бөлек әрекет.

Сол сияқты ерікті түрде қаражат жинау мен балалардан міндетті төлем талап етудің арасында да айырмашылық бар.

Әзірге әлеуметтік желіде айтылған жағдайлардың нақты қай мектепте болғаны және сөмке тексеру мен ақша жинау әрекеттерінің қандай тәртіппен жүргізілгені белгісіз.

Алайда жарияланған жазба мектеп парламентінің өкілеттігіне қатысты маңызды сұрақты көтерді.

Балалардың өзін-өзі басқаруы үшін құрылған ұйым оқушылардың мүддесін қорғай ма, әлде кейбір оқушылардың өзгелерге үстемдік жүргізу құралына айналып бара ма?

Әлеуметтік желідегі даудың басты түйіні де осы.

Барлық жаңалықтар