Әлеуметтік желіде Әлия Әшімнің "құйрық-бауыр асату әзіреті Әлиден басталған салт" деген сөзі әлі талқылануда деп жазады Democrat.kz.
Әлия Әшімнің сол видеосына қатысты пікірталасқа қоғам белсендісі Садық Шерімбек те үн қосып:
"Осында өзім қатты жақсы көретін христиан ағам бар. Өзі Қазақстандағы қазақтілді протестант сенушілердің бағушысы. Өте жақсы кісі. Отбасымызбен араласатын болғандықтан бір жылы Ғайса Мәсіхтің туған күні мерекесіне арнайы қонаққа шақырып еді. Қызымды алып бардық. Ерекше атмосферада өтті мереке.
Жастар ән айтып, ақсақалдары ақ бата жасап, кәдімгі қазақшалап алақан жайып, мәз-мейрам боп қайтты бәрі. Қызыма ерекше ұнады. Бір кезде бағушылары залға жиналған балалар мен сәбилерді ортаға жинап оларға арнайы дұға жасады. Сол рәсімі маған қатты ұнап еді, әйтеуір. Мереке соңында ағам уағыз айтты. Сол кезде айтқан бір ойы есімнен кетпейді:
– Құрметті қауым! Мереке тағы да құтты болсын! Біз мына мерекеде барынша қуанышты болып, оны айналамызға бөлісуіміз керек. Қазақ қандай болса, иеміз Иса Мәсіх те сондай болған. Иса Мәсіх те дәл біз қазақтар сияқты басқосқанды және тойлатуды жақсы көрген. Ол да біз сияқты қонақжай, доскөңіл және халқына жанашыр болған. Сондықтан Иса Мәсіх біздің жүрегімізге жақын! Ол қайта келді! Қанеки, қуанайық! – деп аяқтады сөзін.
Сол кезде Ғайса Пайғамбар өзіме бір жақын боп кеткен еді.
Сол оқиға бірнәрсені есіме түсірді. Кішкентай кезімізде аталарымыз Мұхаммет пен Әзіреті Әлінің талай қисса-әңгімелерін айтты ғой. Ол кездегі ақсақалдар ауызашарда жиналып қазіргідей саясат пен өсек емес, жиналған алқаға таным мен өсиет айтатын еді. Сол кезде Мұхаммет пайғамбар да, достары да бізге бір қазақтар сияқты көрінетін.
«Сонда Мұхамбет былай депті...» деп біздің дастандардағы батырлар мен ақындардың сөзімен сөйлейтін еді. Олардың бүкіл жасайтын істері мен айтар сөздері қазақы мұралдан айырмасы жоқ еді. Ескінің адамдары қызық қой. Апам өткен жылы қажылыққа барғанда Пайғамбар мешітінде отырып, «Ооойбааай, Тобааа! Кічкене пәйтімізде Мұхаммет пайғамбар десе, жақын жатқан кісі деп ойлайды екенбіз-ау. Қандай білейік, осында алыс жатқанын. Рәхмәт айналайын, Пайғамбар! Сонша ұзақ жерде жатсаң да жақындай болған екенсің-ә..?» деп жылап еді.
Бүгінгі дауды түсіну үшін бүгін емес, кемі алпыс жыл арыға барып қарау керек. Қазақтың салты араптан келді деген мән шығып қалғаны үшін ұрсып жатыр ғой көпшілік. Дәстүрді қорғап отырған көпшіліктің реакциясын да ақтауға келеді бір жағынан.
Өйткені, соңғы 30 жылдағы діни ылаң, ұлттық құндылықтардың импорттық танымдарға күштеп жығып берілгені халықтың ішінде өзін һәм өздігін қорғау әдетін қалыптастырды.
Бірақ, бүгін сіз бен біз бір нәрсені түсінбей отырмыз. Егер ата-бабаларымыз дәл бүгінгі реалда өмір сүргенде бұл қиссаның баяны сәл басқаша болар еді, бәлкім.
Бізді ұрыстырып отырған бар мәселе мынау ғана. Ол қиссалар айтылған және жазылған кезде Мұхаммет те, Әубәкір де, Омар да, Оспан да, Әзіреті Әлі де «қазақ» болатын. Иә, біздің бабалар оларды араб деп таныған жоқ. Діни жоралғыларды алған кезде оларды қазақ дәстүріне барынша бейімдеді. Сол үшін де осы қиссаларды жасаған қарттар біздің өз дәстүрлеріміз бен салт-санамызды ендігі қазақы Мұхамметтен, қазақы Әліден қызғанған жоқ. Керісінше біршама элементтерімізді олардың еншісіне бөліп берді. Қазақтандырып алды. Және ол сол заман үшін ұлтты һәм дәстүрді жою қаупінен абсолют ада құбылыс еді.
Ал, бүгін ше? Қазақстан тәуелсіздік алғалы рухани ілім жаңарды. Бірақ, ол біздің пайдамызға жаңарған жоқ. Қазақы Мұхамметтен, қазақы Ғайсадан, қазақы Әліден, қазақы Қыдыр атадан айрылып қалдық. Тек онымен шектелген жоқпыз тағы. Міне, сол фактордың бәрі жиналып келіп, бүгінгі жаңа молдалар рухани депортация жасап, арабтарға қайтарып жіберген «араб Алиден» құйрық-бауыр мен құдалық салтымызды қызғанып отырған жеріміз осы.
Бұл жағдайға елге еңбегі ерен Aliya Ashim замандасымның да, мәні сәулет сары кітапты шығарған Sanjar Kerimbay ағамның да, ол қиссаларды қалдырған ұлы Ата-бабамның да еш кінәсі жоқ.
Қазаққа бәрі келген. Бәрі болған. Бірақ, бұл далаға олар «қазақ» боп кірген. Сол үшін де біздің далада Нұрмұхаммедтер, Махамбеттер, Әлихандар, Әлібектер, Ахметтер, Оспандар мен Құспандар әлі жүр. Әйтпесе, бір буыны да тұрмас еді.
Қазақтың ішінде енді бәрі де болады. Мұсылманы да. Сенушісі де. Тәңіршісі де. Ешкім ешкімді құрта алмайды. Зайырлы заңы бар елміз. Осылай түрлі танымда өмір сүреміз. Бірақ, қоғам боп ұрыспай өмір сүру керекпіз ғой, енді. Ол үшін бірінші кез – бәріміз қазаққа айналуымыз керек. Әйтпесе бүгінгі ішкі қайшылықтарымыз әрі қарай шетсіз күрделене, ауыр шиеленісіп жалғаса бермек. Оның арысы бір ұлттың ішіндегі қатігез соғысқа әкелері даусыз. Қара да тұрыңыз.
Демек, мына жаңа заманда қазақ руханиятына керек десек баяғыша Мұхамметті де, Ғайсаны да, Мұсаны да қазақ қылып, қазақ «паспортын» беріп қабылдау ләзім.
Пост басындағы қазақ мәсіхші ағамның бір сөзімен аяқтайын ойымды. Алғашқы кездесуіміздегі бес сағаттық дискуссиядан соң:
– Садықжан, бұл ұзақ әңгімеден кейін әрине, сен өз пікіріңде қаласың да, мен де өз пікірімде қаламын. Не де болса, ең бастысы арамызда терең сыйластық қалсыншы! - деп еді. Қалды сол сыйластық. Сыйласқанымыз сонша ол кісі менің тұңғышымның кіндік (өкіл) әкесі қазір.
Міне. Қазақтық (адамдық) деген база осы дүниелер мен үшін.
Мына далбаса дауды тоқтатыңыздар деп жазды Michael Sherimbek.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасын қолдап, "дұрыс" десіп пікір жазып жатқандар да аз емес.
Әйтсе де, бұл жазбаға қатысты "арабсыз-ақ қазақ болайық", "далбаса сөз", "діннің жүрген жері осындай" дегенге саятын қарсы пікірлер де жазылуда.