ТикТок әлеуметтік желісінде Дана Асқарова атты желі қолданушының парақшасында хиджабтағы келіншектің қауіпті түсініктегі видеосы тарады деп жазады Democrat.kz.
Видеодағы хиджабтағы келіншек орыс тілінде: "Әсемдік салонының еденін жуып, бір жерімді жыртып, айлық алғанша, маған перзентханаға барып бала туған әлдеқайда дұрыс.
Қазір менің үш балам бар. Енді біреуден бір-екі бала туып алсам, еден жуып табатын 70 мың айлықты мемлекеттен жәрдемақы ретінде-ақ аламын ғой.
Еден жуып мазаққа ұшырағанша, бірнеше бала туып алып, мемлекеттің жәрдемақысын алып, үйде отырмаймын ба?! Жарты күндік жұмыс үшін кемі 20-25 мың теңге төлеуі керек" дейді.
Мынадай түсінікке, мынадай ақылға не айтуға болады? Осы видеода айтылған мәселеге қатысты бірнеше кісіден пікірін сұрап көрдік.
Айгүл Оралбайқызы, зейнеткер: "Зейнеткер болсам да, қарап отырмаймын. Қытайдан тауар әкеліп, сатып, қосымша ақша табамын. Мемлекеттің жәрдемақысы үшін бала табу деген балаға жасалып отырған тікелей қастандық емес пе? Не сұмдық мынау?!"
Елнұр Батырбек, декреттегі әйел: "Бірінші баламды босанып, декретте отырмын. Алайда баланы жәрдемақы үшін туу дегенмен келіспеймін. Бала деген сенің қолыңдағы әлдебір қару немее зат емес қой. Осындай түсініктегі әйелдерден қорқамын. Себебі, осындай түсінікпен жылда бала табатын әйелдер қоғамды саны бар, сапасы жоқ адамға толтыруда. Себебі есепсіз туған балаға бар жағдай жасалып, қажетті білім берілетініне күмәнім бар".
Айбек Нұрман, күзетші: "Масылдық дейді мұндайды. Мұндай әйелдерді жазалау керек. Баланы жәрдемақы үшін туатын мұндай әйелдерде жауапкершілік болады дегенге сенбеймін! Екі балам бар. Сол екеуін аяққа тұрғызу үшін әйелім екеуіміз екі жерде жұмыс істейміз. Үкіметке алақан жаю дегенді ойламаппыз".
Аты жөнін көрсетпеуді өтінген бірнеше кісі де жәрдемақы үшін бала тууды жөн санайтын әйелдерді қолдамайтындарын жеткізді. "Еден жуып, туалет тазалаасаң да, еңбек етуге тиіссің. Мемлекет емес, өз балаңды өзің асырауға міндеттісің" дегенге саятын пікірлерін білдірді.
Ал сіз қалай ойлайсыз, еден жуғанша, жәрдемақы алу үшін бала тапқан дұрыс па?