Әлеуметтік желіде Иманғали Тасмағамбетовтің стелік жазбасы жұрт талқысына түсті деп жазады Democrat.kz.
"Апам бойындағы бар игі қасиетін тәрбиеге салып, ұрпағына тәлім, ұлтына өсиет етті. Ақырына дейін Аллаға құлшылық етіп, құран-дұғасынан ұдайы ел мен жердің берекесін, халқының мерекесін тілеп өтті.
Әрине, жас болған соң балалық болады, қай бір істе шалалық болады. Осындайда Апам кейістік танытып, кейпін өзгертсе де, шайпаулыққа салынып, сөзінің көркін бүлдірген емес. Ұрысып отырса да, мақал-мәтелдетіп ұрысушы еді. Оның санаға әсері тіпті ерекше болады екен.
Әлі есімде, оқу бітіріп, елге келдім. Жаспыз, жігер-жалынымыз жанып тұр. Жастардың жұмысына араласып, көп ұзамай Атырау қалалық Комсомол ұйымының төрағалығына сайландым. Жаңалықты алып-ұшып бірінші апама жеткіздім. Сонда айтқаны: «Е-е, балам-ау, қызметің еленіп, көтерілгенің жақсы. Бірақ, бұрын әке-шешенің абыройын ағайынның алдында арқалап жүрсең, енді ағайынның ар-ұятын бүкіл аймаққа апара жатырсың. «Қандай тәрбие көрген» дегізбе. Аманатыңа берік бол». Қандай жауапкершіліктің жүгін арқалап тұрғанымды сонда түсіндім. Анамыздың бұл сөзі қай қызметте болсам да бір сәтке де есімнен шыққан емес.
Бүгінгі жеткен азды-көпті жетістігіміз болса, ең алдымен Анамыздың ақ сүтіне жарыған, тектілігінен дарыған қасиетінің жемісі деп білемін" деп еске алады Иманғали Тасмағамбетов.