Жаңа оқу жылына 20 күн қалды: Оқушы мен мұғалімде сұрақ көп, ал министрлікте нақты жауап жоқ

Жаңа оқу жылына 20 күн қалды: Оқушы мен мұғалімде сұрақ көп, ал министрлікте нақты жауап жоқ

Астанада өткен республикалық сессияда педагогтер министр Жұлдыз Сүлейменоваға бағалау жүйесі, цифрлық платформалар, кәсіби даму және жаңа оқу жылындағы өзгерістер туралы сауал қойды. Министрлік барлық мәселе бойынша түсініктеме берілгенін хабарлады. Бірақ кездесудің ашық хаттамасы, қойылған нақты сұрақтар мен қабылданған ұсыныстар жарияланған жоқ. Ал 1 қыркүйек жақындап келеді деп жазады Democrat.kz.

Астанада «Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» атты республикалық жазғы сессия өтті. Оған еліміздің барлық 20 өңірінен 300-ге жуық педагог қатысты.

Қатысушылар арасында білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың өкілдері, мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және 5–11-сыныптарда сабақ беретін пән мұғалімдері болған.

Сессияда жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламалары, бағалаудың жаңа тәсілдері, жасанды интеллектіні сабаққа енгізу, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» бағыттары талқыланған. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы хабарлады.

Ал Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, министрмен өткен ашық диалогта педагогтер оқу процесін ұйымдастыру, бағалау жүйесі, цифрлық шешімдер, кәсіби даму және жаңа оқу жылындағы өзгерістер туралы сұрақ қойған.

Ресми хабарламада:

«Министр көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме беріп, педагогтердің ұсыныстары мен пікірлері білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру барысында ескерілетінін айтты», – делінген.

Алайда министрліктің ресми ақпаратында педагогтердің нақты қандай сауал қойғаны, министрдің әр сұраққа не деп жауап бергені, қай ұсыныстың қабылданғаны көрсетілмеген.

«Ұсыныстар ескеріледі» деген сөз бар. Бірақ қандай ұсыныстар екені белгісіз.

БЖБ мен ТЖБ: шешім емес, әзірге жоба

Мұғалімдер мен ата-аналар күтіп отырған ең маңызды мәселенің бірі – бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ның тағдыры.

Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы 6 тамызда оқушылардың үлгерімін бағалау ережелеріне өзгеріс енгізетін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

«Ашық НҚА» порталындағы жобаға сәйкес:

  • 2–4-сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау;
  • олардың орнына қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау енгізу;
  • 5–11-сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны сақтау ұсынылған.

Демек, әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында айтылғандай, БЖБ мен ТЖБ бүкіл мектептен біржола жойылып жатқан жоқ. Өзгеріс әзірге тек 2–4-сыныптарға ұсынылып отыр.

Ең маңыздысы – бұл әлі бекітілген шешім емес. Жоба 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Осыдан кейін ғана оны қабылдау, өзгерту немесе кері қайтару жөнінде шешім шығарылуы мүмкін.

Талқылау аяқталғаннан кейін жаңа оқу жылының басталуына он шақты күн ғана қалады. Мұғалім сол уақыт ішінде жаңа бағалау тәртібін меңгеріп, тақырыптық және қорытынды бақылаудың тапсырмаларын әзірлеп, бағалау өлшемдерін түсініп үлгеруі керек.

Ал жаңа бақылаудың бірыңғай критерийлері, тапсырма үлгілері мен нәтижені электрондық журналға енгізу тәртібі әзірге көпшілікке толық түсіндірілген жоқ.

Білім саласының сарапшысы Білімгүл Баекешова «Qazaqstan» телеарнасына берген пікірінде БЖБ мен ТЖБ-ны диктант, мазмұндама және бақылау жұмысымен алмастыру мұғалімнің қағазбастылығын өздігінен азайтпайтынын ескертті. Жаңа жұмыстарды бағалау үшін де анық әрі бірыңғай критерий қажет.

Педагог Жәмилә Бекбатырова өзгерісті енгізбес бұрын оның білім сапасы мен мұғалім жүктемесіне әсерін сынақтан өткізу керектігін айтты. Телеарна материалына сүйенсек, түпкілікті шешім тамыз конференциясында жарияланбақ.

Сонда республикалық сессиядағы ашық диалогта мұғалімдер осы жобаны көрді ме? Жаңа бағалау тәртібін талқылады ма? Олардың қандай ұсыныстары бұйрық жобасына енгізілді?

Ресми хабарлама бұл сұрақтарға жауап бермейді.

Ашық диалогтың өлшемі – қол шапалақ емес

Білім саласында форум, сессия, конференция мен ашық диалог аз өтпейді. Бірақ олардың нәтижесі қатысушылар саны немесе табысталған сертификатпен өлшенбеуі керек.

Мұндай кездесуден кейін министрлік кемінде үш құжат жариялауы қажет:

  1. Педагогтердің нақты сұрақтары мен министрліктің жауаптары жазылған ашық хаттама.
  2. Қабылданған және қабылданбаған ұсыныстардың негіздемесі көрсетілген кесте.
  3. Әр шешімнің орындаушысы, мерзімі және орындалу мәртебесі көрсетілген бақылау парағы.

Сонда ғана мұғалім өзінің ұсынысы қайда кеткенін біледі. Журналист пен қоғам уәденің орындалуын тексере алады. Министрлік те «ұсыныстар ескеріледі» деген жалпы сөзбен шектелмейді.

Қазір ресми хабарламадан білетініміз – педагогтер сұрақ қойды, министр жауап берді, ұсыныстарды ескеруге уәде етті және қатысушыларға сертификат тапсырды.

Ал нақты қандай ұсыныс қабылданды?

Қай мәселе шешіледі?

Қайсысы кейінге қалды?

Оны кім және қашан орындайды?

Бұл сұрақтар әзірге ашық күйінде тұр. Білім саласындағы шынайы диалог министр сөйлеп, мұғалім тыңдайтын жиын емес. Ол – айтылған ұсыныс ресми шешімге айналып, нәтижесі қоғам алдында тексерілетін үдеріс.

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ. 

Барлық жаңалықтар