Бірнеше күннен кейін Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылы басталады. Биыл 4,1 миллионнан астам оқушы мектеп партасына отырады. Олардың 380 мыңы бірінші сыныпқа барса, 227 мың оқушы 11-сыныпта білім алады. 2026–2027 оқу жылы бағалау жүйесіндегі өзгерістермен, жаңа міндетті курстармен және жасанды интеллектінің мектепке енуімен ерекшеленбек, деп жазады Democrat.kz.
Бастауыш сыныпта БЖБ мен ТЖБ болмайды
Жаңа оқу жылындағы ең үлкен өзгерістің бірі бастауыш сыныптарға қатысты.
2–4-сыныптарда білімді бағалаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі. Бұрынғыдай жиі қорытынды жұмыс өткізуден гөрі баланың тақырыпты қаншалықты түсінгеніне, алған білімін іс жүзінде қолдана алуына көбірек мән берілмек.
Формативті бағалау сақталады және оның тоқсандық бағадағы үлесі артады. Бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейін жүргізіледі. Сонымен бірге оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтайтын аралық бағалау енгізіледі. Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Жасанды интеллект 10 ауыл мектебінде сынақтан өтеді
Биыл мектеп жүйесіндегі тағы бір маңызды жаңалық – жасанды интеллект.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қызылорда және Павлодар облыстарындағы қазақ және орыс тілінде білім беретін 10 шағын жинақты мектепте ЖИ технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба басталады.
Алғашқы кезеңде тәжірибе 4-сынып оқушыларымен жүргізіледі. Жасанды интеллект:
«Ана тілі»;
математика;
цифрлық сауаттылық;
жасанды интеллект негіздері бағыттарында қолданылады.
Пилоттың алғашқы кезеңі 26 қазанға дейін жалғасады. Кейін жобаны 50 мектепке дейін кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы пилотқа қатысуға дайын 500 мектептің тізімі жасалған. Оның 250-і шағын жинақты, 150-і жалпы білім беретін мектеп, тағы 100-і «Келешек мектептері».
Бұл жерде министрлік бір мәселені ерекше атап отыр: жасанды интеллект мұғалімді алмастыру үшін енгізілмейді.
ЖИ педагогтің жұмысын жеңілдететін, оқыту сапасын арттыруға көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырылып отыр. Осы мақсатта қазірдің өзінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша арнайы дайындықтан өткен.
Балалар жаңа пәндер оқиды
2026–2027 оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына бірнеше міндетті курс қосылады.
5–7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарда «Заң және тәртіп» курсы оқытылады.
Ал 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсқа айналады.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» де барлық оқушы үшін міндетті пән болады. Оның мазмұны Конституция талаптарына сәйкестендірілген.
Жеке қауіпсіздік сабақтарының мақсаты – баланы өмірде кездесетін қауіпті жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, өзін және өзгелерді қорғауға үйрету. Мұндай сабақтар балабақшадан бастап колледжге дейінгі барлық білім беру деңгейін қамтиды.
Балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайған
Өзгерістер мектеппен ғана шектелмейді.
Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жүйесі де кеңейіп келеді. Қазір пилоттық жоба 20 қала мен 23 ауданда жұмыс істейді.
Ресми мәлімет бойынша, осы жүйе аясында 1,1 миллион ваучер берілген. Соның нәтижесінде 2–6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарған.
Жоба бюджеттен 35,3 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.
Ваучерлік жүйенің негізгі қағидасы – «ақша балабақшаға емес, баланың соңынан барады». Яғни ата-ана мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны өзі таңдай алады.
Колледждерде техникалық мамандықтарға басымдық беріледі
Кәсіптік білім беру жүйесінде де өзгеріс бар.
Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Қазақстанда қазір 763 колледж бар, оларда 556 мың студент білім алып жүр.
Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталмақ. Оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да еңбек нарығына қажет салаларға басымдық беріледі.
Сондай-ақ кәсіпорындардың тікелей тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам студент қабылдау көзделіп отыр. Мұндай жағдайда түлекті кейін жұмысқа орналастыру міндеті де қарастырылады.
Жаңа оқу жылы бұрынғыдан өзгеше басталмақ
Осылайша, 2026–2027 оқу жылы қазақстандық мектептер үшін бірнеше маңызды өзгеріспен басталады.
Бастауыштағы бағалау жүйесі өзгереді, мектепке жасанды интеллект енеді, құқықтық сауаттылық пен жеке қауіпсіздікке арналған жаңа курстар пайда болады. Колледждерде техникалық мамандықтарға басымдық күшейіп, балабақшалардағы ваучерлік жүйе кеңейеді.
Ал бұл өзгерістердің іс жүзінде мұғалім мен оқушыға қаншалықты жеңілдік әкелетіні жаңа оқу жылы басталғаннан кейін белгілі болмақ.