Қазақстан мектептерінде тұмау мен ЖРВИ көбейген жағдайда қолданылатын қосымша шаралар бекітілді. Оқушылардың белгілі бір бөлігі ауырып қалса, сыныптағы оқу тәртібі өзгеріп, санитарлық шектеулер енгізіледі, ал эпидемиологиялық ахуал күрделенсе, қашықтан оқыту мәселесі де қарастырылуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда 2026–2027 жылғы эпидемиологиялық маусымға арналған мектептердегі санитарлық талаптар күшейтілді.
Ережеге сәйкес, білім беру ұйымдары оқушылардың сабаққа қатысуын күн сайын бақылауға және келмеген балалардың себебін анықтауға тиіс.
Сонымен бірге мектептерде «таңертеңгі сүзгі» жүргізіледі.
Егер оқушыдан тұмау немесе ЖРВИ белгілері байқалса, ол сабаққа жіберілмеуге тиіс. Ал денсаулығы оқу барысында нашарлаған жағдайда бала ата-анасы келгенге дейін басқа оқушылардан оқшауланады.
Ең маңызды өзгерістің бірі сыныптағы ауырған балалардың санына байланысты.
Егер бір сыныпта оқушылардың 20–30 пайызы тұмау немесе ЖРВИ жұқтырса, науқас балалармен байланыста болған оқушылар жеті күн бойы медициналық бақылауға алынады.
Мұндай сыныптағы балалардың бір кабинеттен екінші кабинетке ауысып оқуына да уақытша шектеу қойылады.
Яғни пән мұғалімдері сыныпқа өздері келуі мүмкін немесе оқу үдерісі санитарлық талапқа сай қайта ұйымдастырылады.
Сондай-ақ ауру деңгейі жоғарылаған сыныпқа жаңа оқушы қабылдау уақытша тоқтатылады.
Бұл шектеу соңғы ЖРВИ жағдайы тіркелгеннен кейінгі инкубациялық кезең аяқталғанға дейін сақталады.
Мамандардың айтуынша, күз бен қыс мезгілінде тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялар жиілейді. Сондықтан ауру белгілері байқалған баланы мектепке жібермей, дәрігерге көрсетуге кеңес беріледі.
Егер сыныптағы науқастар саны одан әрі көбейіп, эпидемиологиялық жағдай күрделенсе, оқу форматын уақытша өзгертуге дейінгі қосымша шаралар қолданылуы ықтимал.
Осылайша биыл мектептерде «бір-екі бала ауырса да сабақ жалғаса береді» деген бұрынғыдай бейқамдыққа жол берілмейді. Енді сыныптағы сырқаттану деңгейі күн сайын есепке алынып, белгілі межеге жеткен жағдайда санитарлық тәртіп бірден күшейтіледі.