Жұмыссыз қалғандарға жаңа талап: 2027 жылдан бастап не өзгереді?

Жұмыссыз қалғандарға жаңа талап: 2027 жылдан бастап не өзгереді?

Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің тәртібі өзгереді. Енді мемлекет жұмыссыз адамға қаржылай қолдау көрсетумен қатар, оның тұрақты жұмысқа орналасуын жеделдетуге басымдық бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, өзгерістер азаматтардың тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына бағытталған.

Қазіргі тәртіп бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат жұмысынан айырылғанда еңбек өтіліне байланысты алты айға дейін әлеуметтік төлем ала алады.

Ал жаңа жылдан бастап бұл мерзім үш айдан аспайды.

Жұмыссыз қалған азамат алдымен не істеуі керек?

Ең алдымен мансап орталығына жүгіну қажет.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылған.

Осы уақыт аралығында мамандар азаматтың еңбек тәжірибесін, кәсіби дағдыларын зерттеп, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.

Егер 13 күн ішінде жұмыс табылмаса, азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі.

Содан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады.

Өтінішті электрондық үкімет порталы, Электрондық еңбек биржасы, банктердің ұялы қосымшалары немесе мансап орталығы арқылы рәсімдеуге болады.

Ай сайын қанша ақша төленеді?

Әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызы көлемінде есептеледі.

Мысалы, азаматтың әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа табысы 300 мың теңге болса, есептік төлем мөлшері 135 мың теңге болады. Нақты төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен заңда көзделген өзге есептеу талаптарына байланысты анықталады.

2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшерінің 110 мың теңгеге дейін өсуіне байланысты әлеуметтік төлемді есептеуге алынатын табыстың жоғарғы шегі де артады.

Соның нәтижесінде жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары есептік мөлшері айына 346 500 теңгеге жетеді.

Алайда бұл соманы барлық жұмыссыз азамат бірдей алмайды.

Әлеуметтік төлемге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті талаптарға сәйкес келетін азаматтар ғана үміткер бола алады.

Үш айда жұмыс табылмаса ше?

Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік төлем мерзімі аяқталғанымен, мансап орталығы жұмыссыз азаматқа қолдау көрсетуді тоқтатпайды.

Оған бос жұмыс орындары ұсынылып, қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беріледі.

Яғни 2027 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін ақшалай қолдаудың ең ұзақ мерзімі қысқарғанымен, жұмысқа орналастыру шаралары жалғасады.

Жаңа тәртіп әлеуметтік төлем алып отырған азаматтарды ғана емес, алдағы уақытта жұмысынан айырылуы мүмкін сақтандыру жүйесінің қатысушыларын да қамтиды.

Барлық жаңалықтар