Әлеуметтік желіде, жалпы қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан жаңа Конституция жобасын жасаушылардың жұмыс комиссиясы құрамына қатысты заңгер Айман Омарова (төменде видеода) пікір білдіріп, комиссия мүшелігіне кімдер таңдалуы керегін айтқан еді. Заңгердің осы ұсыныс, пікіріне байланысты білікті ұстаз, тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы өз ойын ортаға салды деп жазады Democrat.kz.
"Кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын басты құжат – Конституция. Ол тек заңдар жиынтығы емес, елдің саяси бағытын, билік құрылымының тепе-теңдігін және азамат пен мемлекет арасындағы қатынасты белгілейтін іргелі келісім.
Сондықтан Конституцияға өзгеріс енгізу немесе жаңа жобасын әзірлеу – ерекше жауапкершілікті талап ететін процесс. Мұндай жұмысқа қатысатын тұлғалар қоғам сеніміне толық ие болуы тиіс.
Соңғы уақытта Конституциялық бастамалармен байланысты құрылған кеңестер мен жұмыс топтарының құрамына қатысты қоғамда пікірталастар туындап отыр. Кейбір азаматтар мұндай құрылымдардың құрамына қоғамға кеңінен танылмаған тұлғалардың енуіне күмән білдіруде. Бұл пікірлер саяси элитаның қалыптасу принциптері туралы кеңірек мәселені қозғайды.
Саясаттануда саяси элита ұғымына нақты анықтама берілген. Итальян ойшылы Вильфредо Парето саяси элитаны билік құрылымында жетекші рөл атқаратын, маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға тікелей қатысатын және осы мәртебесіне сәйкес ерекше ықпал мен мүмкіндіктерге ие әлеуметтік топ ретінде сипаттайды.
Мұндай топтың сапасы мемлекеттің даму бағытына тікелей әсер етеді.
Тарихи тәжірибе көрсеткендей, саяси элитаны қалыптастырудың екі негізгі моделі бар. Біріншісі – антрепренерлік жүйе. Бұл модельде билікке жеке қабілеті, кәсіби жетістігі, қоғамдық беделі арқылы көтерілген тұлғалар келеді. Мұндай жүйе қоғамда бәсекелестік пен әлеуметтік мобильділікті арттырады.
Екіншісі – гильдиялық жүйе. Бұл жағдайда элита белгілі бір әлеуметтік орта ішінде қалыптасып, билік көбіне сол орта өкілдері арасында қайта бөлінеді.
Қазақстандағы саяси элитаның қалыптасу ерекшеліктерін осы екі модельдің арақатынасы арқылы түсіндіруге болады. Тәуелсіздік алған кезде мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңарып кеткен жоқ. Кеңестік кезеңде қалыптасқан басқарушы кадрлар жаңа мемлекет құрылымында жетекші орындарын сақтап қалды. Бұл жас мемлекет үшін тәжірибелі кадрларды сақтау қажеттілігімен байланысты тарихи заңдылық еді.
Алайда уақыт өте келе бұл үрдіс элитаның жаңару механизмдеріне әсер етті. Ширек ғасыр – бір ұрпақтың ауысуына жеткілікті мерзім.
Осы уақыт ішінде бұрынғы басқарушы топтардың әлеуметтік ортасы мен жаңа буын өкілдері саяси кеңістікке келе бастады.
Мұндай құбылыс көптеген елдердің саяси тарихында кездеседі. Әлеуметтік ресурстар мен ықпал көбіне белгілі топтардың ішінде сақталып, элитаның тұйық жүйе ретінде қалыптасуына алып келеді.
Паретоның элита айналымы туралы теориясы билік топтары қоғам талабына сәйкес үнемі жаңарып отыруы керектігін көрсетеді. Егер элита жаңа идеялар мен жаңа әлеуметтік топтардың өкілдерімен толықтырылмаса, басқару жүйесінің тиімділігі төмендеуі мүмкін. Сондықтан элитаның кәсібилік пен бедел тұрғысынан мінсіз болуы маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституция секілді стратегиялық құжаттарды әзірлеуге қатысатын тұлғаларға қойылатын талаптар ерекше жоғары болуы тиіс.
Қоғамда мұндай топтар туралы күмәннің туындауы мемлекеттік реформалардың легитимдігіне әсер етуі ықтимал.
Саяси шешім қабылдайтын топтар тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, қоғамдық сенім тұрғысынан да мінсіз болуы қажет. Көне Рим дәстүріндегі «Цезарьдің әйелі күдіктен тыс болуы тиіс» деген қағида дәл осы жағдайда өзектілігін сақтайды.
Қазақстанда соңғы жылдары жаңа буын саясаткерлерінің қалыптасуы байқалады. Халықаралық білім алған, басқарудың заманауи әдістерін меңгерген жас кадрлар мемлекеттік қызметке келе бастады. Бұл элитаның жаңару процесі жүріп жатқанын көрсетеді. Дегенмен қоғам сенімін нығайту үшін кадрлық саясаттың ашықтығы, кәсіби талаптардың айқындығы және әлеуметтік лифтілердің қолжетімділігі ерекше маңызды.
Саяси элита тек билік жүргізетін топ емес. Ол қоғам дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын интеллектуалдық орталық болуы тиіс.
Конституциялық реформалар сияқты тарихи маңызы бар процестер кезінде бұл талап бірнеше есе күшейеді. Өйткені мұндай шешімдер тек қазіргі кезеңді ғана емес, келешек ұрпақтың саяси және құқықтық өмірін де анықтайды.
Қазақстан қоғамы жаңа саяси кезеңге қадам басып келеді. Бұл кезең мемлекеттік институттардың тиімділігі мен қоғамдық сенім деңгейін арттыруды талап етеді. Саяси элитаның қалыптасу принциптері осы процестің басты факторларының бірі болып қала береді. Егер элита кәсібилік пен ашық бәсеке негізінде жаңарып отырса, реформалардың нәтижелілігі де жоғары болады.
Сенім – кез келген саяси жүйенің ең маңызды капиталы. Конституциялық өзгерістерді жүзеге асыратын элита осы сенімді ақтай алғанда ғана реформалар қоғам тарапынан толық қолдау табады", дейді Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.