Марқұм Бақытжан Жұмаділовтің ұлы халыққа үндеу жасады

Марқұм Бақытжан Жұмаділовтің ұлы халыққа үндеу жасады

Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі, қазақ эстрадасының дамуына елеулі үлес қосқан әнші Бақытжан Жұмаділовтің ұлы Дияр Жұмаділов көпшілікке үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің есімін ел жадында қалдыру үшін бірнеше жылдан бері әрекет етіп жүргенін айтып, Алматы қаласындағы көшелердің біріне Бақытжан Жұмаділовтің атын беруді сұрады.

«Иә, мен аты аңызға айналған “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисі Бақытжан Жұмаділовтің ұлымын. Мен бірнеше жылдан бері әкемнің есімін ел жадында қалдыру үшін тырысып жүрмін. Бірақ маған әкімшілік, қаржылық ресурс жетіспейді. Уақыт та тапшы. Менің мақсатым – Алматы көшелерінің біріне әкемнің есімін беру. Бақытжан Жұмаділов қазақ мәдениетін әлемдік сахнада көрсетуге өмірін арнады. Оның атының қала картасында пайда болуы – оның еңбегінің еленгені болар еді», – деп жазды ол.

Дияр Жұмаділовтің бұл үндеуі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қолдау тауып жатыр. Көпшілік қазақ өнерінің тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың есімі ұмыт қалмауы керегін айтып, Алматыдай мәдени орталықта Бақытжан Жұмаділов атындағы көше болуы орынды екенін жазуда.

Айта кетейік, «Дос-Мұқасан» ансамблі қазақ музыкасының тарихында ерекше құбылысқа айналған ұжымдардың бірі. Ансамбль ұлттық әуен мен заманауи эстрадалық бағытты ұштастырып, бірнеше буынның жүрегінен орын алды. Ал Бақытжан Жұмаділов сол ұжымның жарқын өкілдерінің бірі ретінде халық жадында қалды.

Дияр Жұмаділовтің айтуынша, бұл бастама жеке отбасының ғана тілегі емес, қазақ мәдениетіне құрметтің белгісі болуы тиіс. Өйткені өнер адамын ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпаққа өнеге қалдыру.

Енді бұл үндеуге Алматы қаласының әкімдігі мен тиісті ономастикалық комиссия қандай жауап беретіні көпшіліктің назарында болмақ.

Барлық жаңалықтар