Министр Жұлдыз Сүлейменова: "Тоқаевтың тапсырмасымен тарихи әділеттілік орнады"

Министр Жұлдыз Сүлейменова: "Тоқаевтың тапсырмасымен тарихи әділеттілік орнады"

Еліміздің Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзі басқарып отырған білім саласындағы көптеген түйткілді мәселелер мен проблемаларды айтып, оларды шешу барысында алға қойылған мақсаттары туралы  "Ана тілі" басылымына сұхбат берді деп жазады Democrat.kz.

Сұхбат барысында министр Жұлдыз Сүлейменова ұлттық мектептер мен олардың қалыптастыруға тиіс құндылықтарына қатысты сұраққа: "Құқықтық тұрғыдан алғанда, «ұлттық» мәртебесі, ең алдымен, қаржыландыру тетіктерімен байланысты. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі жүйесінде ұлттық музейлер, ұлттық театрлар, ұлттық өнер ұжымдары бар.

Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тетіктері қарастырылған. Жоғары білім саласында да ұлттық университет мәртебесі бар. Бұл – кез келген мемлекеттік жоғары оқу орнынан биік мәртебе. Ондай оқу орындары маман даярлаудағы тәжірибесімен, қалыптас­қан дәстүрімен ерекшеленеді.

Ал орта білім беру жүйесінде «ұлттық мектеп» мәртебесін айқындайтын заңдық тетік болмаса да, ұлттық мектеп ұғымы қалыптасып келе жатыр. Оның негізін Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушылары қалады. Меніңше, ұлттық мектеп – ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке сүйене отырып, мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыратын білім беру моделі. Қазір осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 
Енді министрлік нақты не істеп жатыр деген сауалға келсек. Біріншіден, қазір еліміздегі білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарадық. Бұл жұмыс мектепке дейінгі тәрбиеден басталады. «Күншуақ» бағдарламасын зерделедік. Біздің мақсатымыз – бала балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап ұлттық рухани құндылықтармен сусындап өсуі маңызды. Ал мектеп тек сабақ өтетін орын емес, ұстаздың да, оқушының да мәдениеті қалыптасатын орта болуы қажет.

Қайталап айтайын, ұлттық мектеп туралы сөз болғанда бір мәселені ескеруіміз керек. Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар. Сондықтан олардың бәріне «ұлттық мектеп» мәртебесін бере алмайтынымыз анық. Бұл – ең алдымен білім мазмұнына байланысты ұғым. Иә, Абай мектебінің статусы ерекше.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тарихи әділеттілік орнады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғимаратынан айырылған мектептің бүгінгі тынысы қайта ашылып келеді. 1957 жылдан бері өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар, талай тұлға тәрбиелеген білім ордасын сақтап қалу – өте дұрыс шешім болды. Бұл – «Заң және Тәртіп» пен «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының нақты көрінісі.

Екіншіден, білім беру бағдарламаларына заң мен тәртіп құндылықтарын енгіземіз. Мәселені ашық айтуымыз керек: қазір оқушылар арасында құқықбұзушылық әрекеттері көбейіп келеді. Мұның себебіне үңілдік. Сөйтсек соңғы жылдардағы кейбір реформалардың салдары байқалатындай. Мысалы, 2022 жылдан бастап жоғары сыныптарда бірқатар пәндер таңдау пәніне айналған. Оның арасында «Құқық негіздері» де бар. Соның салдарынан көптеген оқушы бұл пәнді таңдамаған, яғни оқымаған. Демек, олар заң алдындағы жауапкершілікті толық түсінбей өсіп келеді. Бір жылда жүз мыңдаған түлек оқу бітіретінін ескерсек, қаншама оқушы құқық пен заң ұғымынан алшақтап кеткенін бағамдауға болар. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап «Құқық негіздері» пәнін қайтадан міндетті пән ретінде енгіземіз. Бұған қоса, 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері» пәні оқытылады. Бұл бастамаға әртүрлі пікір айтылды. Бірақ біздің ұстанымымыз өзгермейді. Бала заңды құрметтеуді сөз жүзінде емес, оның мәнін түсіну арқылы үйренуі керек. Заңға бағынудың, заңды сақтаудың, құқығын білудің маңызын мектептен меңгеруі қажет. 

Үшіншіден, ұлттық мектептің тағы бір маңызды бағыты – оқу мәдениеті. Бұрын бастауыш сыныптарда оқушының бір минутта қанша сөз оқитыны ғана емес, мәтінді қаншалықты түсінгені де бағаланатын. Кейін бұл тәсілден алыстап кеттік. Осы үдерісті бағдарламаға қайта енгізбекпіз.

Жылдам оқу емес, түсініп оқу, мәтінді пайымдап оқу басты назарда болады. Жасанды интеллект дәуірінде баланың кітапқа жақын болуы, мәтінмен жұмыс істеуі, ойын жазбаша жеткізе алуы ерекше мәнге ие. Сондықтан біз диктант, мазмұндама, шығарма жазуды қайта енгіздік. Бұлар бір кезде бағдарлама мазмұнынан түсіп қалған еді.

Қазір балалардың күрделі романдарды оқуы, жай ғана оқып қоймай түсініп оқуы да аса маңызды. «Оқитын ұлт» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бастамасына «ЦентрКредит» банкі қолдау танытты.

Жаңа оқу жылында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романының жалғасы болып есептелетін «Елең-алаң» романын 8 000 данамен басып шығардық. Жаңа оқу жылында сол кітапты оқушыларға түгел таратамыз. Балалар өз қаламгерлеріміздің шығармасын осы жоба аясында оқып отырғаны маңызды деп санаймыз.

«Әліппе», «Қазақ тілі», «Математика», «Дүниетану» пәндерінің мазмұны жаңартылады. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы «Әліппе» қайта оралды. Енді оның мазмұнын да заман талабына сай жетілдірдік. 3–4 және 7–9-сыныптардың білім беру бағдарламаларындағы олқылықтар қайта қаралып жатыр.  Бұл жұмысқа Орта білім комитеті, Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті, вице-министрлер түгел қатысып отыр. Бұған дейін министрлік бағдарламаның ішкі мазмұнына мұндай деңгейде араласпаған екен. Әрине, біз осы кабинетте отырып, шалғай ауылдағы мектепте бала мен мұғалім дәл қазір не істеп жатқанын бірден көре алмаймыз. Бірақ технология арқылы сол мұғаліммен де, сол оқушымен де тікелей байланысатын кезеңге жетеміз.

Төртіншіден, ұлттық мектептің тағы бір ерекшелігі – спорт пен өнерге басымдық беру. Осы бағытта да нақты жұмыстар атқарылады. Күрес пен дзюдо секілді спорт түрлерін «Келешек мектептері» жобасы аясында дамытпақпыз. Бүгінде 217 «Келешек мектебі» салынды, оның ішінде 84-і ауылдық жерде орналасқан. Бұл мектептердің материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде. Бірнеше спорт залы қарастырылған, олардың жабдықталуы қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді. Біз спорт арқылы балалардың төзімділігін, шыдамдылығын және бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруды көздейміз.

Бесіншіден, кітап пен газет-журналды оқушы ғана емес, мұғалім де оқуы керек. Мен бір кездері Алматыдағы №159 мектепте жұмыс істедім. Ол кезде мектепті Аягүл Төреқызы Миразова басқарды. Мектептің екінші қабатында мұғалімдер кабинеті болатын. Ол жерге газет-журналдар үйіліп келіп тұратын. Бәріміз таласа-тармаса оқитынбыз.

Бұл – біздің кәсіби мәдениетіміз еді. Жақында Орынша Қарабалина апаймен таныстым. Апай кітабын сыйлады. Ол кісі ұлттық мектептің моделі қандай болуы керектігін, Ыбырай мектептерінен бастап оқу мен тәрбиенің қалай ұйымдастырылғанын жазады. Сауытбек Әбдрахмановтың он томдығы да қолыма тиді.

Ол кісі де мектептің миссиясы туралы айтады. Демек, біз тәрбиеге басымдық беруіміз керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, «Жаным – арымның садағасы» деген құндылықтар сабақ барысында да, сабақтан тыс уақытта да оқу үдерісінің өзегіне айналуы қажет", - деп жауап берді. 

 

Барлық жаңалықтар