Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудан өткізу тәртібіне өзгеріс енгізді. Енді мұғалімдердің өтініш беру жолы үміткер таңдайтын біліктілік санатына қарай бөлінеді деп хабарлайды Democrat.kz.
Жаңа тәртіп бойынша «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» санаттарына өтініштер «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы қабылданады. Ал «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» санаттарына үміткерлер, сондай-ақ мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары eGov электрондық үкімет порталы арқылы өтініш береді.
Аттестаттаудан өтуге ниетті педагог дипломын, біліктілікті арттыру курсынан өткенін растайтын сертификатын, өзінің кәсіби жетістіктері мен оқушыларының нәтижелерін дәлелдейтін құжаттарды ұсынуға тиіс. Бұған қоса, үміткерден көлемі 250–300 сөз болатын эссе талап етіледі.
Ал жеке куәлік, білім деңгейі және еңбек қызметі туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынбақ. Қолданыстағы қағидаларда да бірқатар деректің электрондық үкімет шлюзі арқылы алынатыны, ал кәсіби жетістіктер мен эссенің платформада жинақталатыны көрсетілген.
Қағазбастылық азая ма?
Өтініштерді цифрлық жүйе арқылы қабылдау педагогтердің анықтама жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздыруын азайтуы мүмкін. Әсіресе жеке басы, білімі және еңбек өтілі жөніндегі ақпараттың автоматты алынуы құжат айналымын жеңілдетуге бағытталған.
Алайда цифрландыру мұғалімнің жүктемесін толығымен азайтады деуге әлі ерте. Педагог бұрынғыдай өзінің және оқушыларының жетістіктерін растайтын материалдарды жинап, жүйеге енгізуі керек. Оған 250–300 сөздік эссе жазу талабы да қосылады.
Сондықтан өзгерістің нақты тиімділігі платформалардың тұрақты жұмыс істеуіне, құжаттарды бағалау өлшемдерінің түсінікті болуына және аттестаттау комиссиялары шешімінің ашықтығына байланысты болмақ. Мұғалімдерге техникалық ақаулар салдарынан өтініш беру мүмкіндігінен айырылып қалмайтын кепілдік пен нәтижеге шағымданудың қолжетімді тетігі қажет.
Аттестаттаудың жаңа моделі әзірленіп жатыр
Оқу-ағарту министрлігі 2027 жылдан бастап педагогтерді бағалаудың жаңа моделін енгізуді жоспарлап отыр. Жоба бойынша мектепте кемінде екі жыл үздіксіз еңбек еткен мұғалімдердің біліктілігі негізінен практикалық жұмысы, кәсіби жетістіктері және оқушыларының нәтижесі арқылы бағаланбақ. Көпшілік педагог үшін білімді бағалау тестін тоқтату көзделген. Дегенмен жаңа қағидалар әзірге әзірлену үстінде.
Осылайша, аттестаттау үдерісі біртіндеп қағаз құжаттан электрондық форматқа көшіріліп жатыр. Бірақ оның мұғалім үшін шын мәнінде жеңіл әрі әділ жүйеге айналуы тек платформаны енгізумен емес, бағалау талаптарының бірізді және ашық болуымен өлшенеді.