Әлеуметтік желіде мектептегі 10 балдық бағалау жүйесіне қатысты қызу пікірталас басталды. Кей ата-аналар баласының тапсырманы дұрыс орындағанына қарамастан, мұғалім электронды журналға 10 емес, 9 балл қоятынына наразы. Ал мұғалімдер 10 балл «бәріне бірдей қойылатын баға емес», ол нақты критерийлер толық орындалғанда ғана берілуге тиіс екенін айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.
Пікірталасқа түрткі болған жазбада ата-ана BilimClass жүйесінде баласына көбіне 9 балл қойылатынын айтып, мұғалімдерге: «Жауап берсе, 10 қойсаңыздар, сіздерден сұрау қатты бола ма? Freedom бонусымен байып кетеді деп ойламай-ақ қойыңыздар», – деген мағынада сауал тастаған.
Бұл жазба жүздеген реакция жинап, ата-аналар мен мұғалімдердің екі түрлі көзқарасын анық көрсетті.
Бір тарап: «9 балл қойылса, демек, оны 10-ға көтеріп қоюға болады» деп есептейді. Кей ата-аналар мұғалім дәптерге 10 балл қойып, кейін электронды журналға 9 балл енгізетін жағдайлар да кездесетінін жазған.
«9 баллды көтермелеп қойған ғой. Әйтпесе идеал болу қайда? Үй жұмысын дайындап жібердік деп 10 балл сұрайтындарды түсіне алмаймын», – дейді пікір иелерінің бірі.
Тағы бір қолданушы:
«9 қойылды деген сөз – бала 7–8 баллдық деңгейде орындады, мұғалім оны көтеріп 9 қойды дегенді білдіруі мүмкін. Ал бәріне 10 қоя берсек, ол бағаның қадірі кетеді», – деген ойын білдірген.
Ал ата-аналардың бір бөлігі мұндай ұстаныммен келіспейді.
«Егер бала барлық тапсырманы дұрыс орындаса, неге 10 қоймасқа?», «Жазуы нашар деп балын төмендету қаншалықты әділ?», «Каллиграфия емес, білім бағалануға тиіс» деген пікірлер де көп жазылған.
Мұғалімдер жағынан жазылған пікірлерде баға мұғалімнің көңіл күйіне немесе «баланы көтермелеу» ниетіне қарай емес, алдын ала белгіленген дескрипторлар мен критерийлер бойынша қойылуға тиіс екені айтылады.
Қолданыстағы ереже бойынша формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейін жүргізіледі. 2026 жылғы өзгерістерде сабақ үшін қойылатын балл баланың үй тапсырмасы мен сабақ барысындағы тапсырмаларды орындау нәтижелерінің жиынтығына қарай анықталатыны нақты жазылған. Яғни 10 балл бір ғана дұрыс жауап үшін автоматты түрде берілуге тиіс деген талап жоқ.
Сонымен бірге мұғалім формативтік бағалау кезінде оқушының білімін нақты критерийлер бойынша бағалауға тиіс. Бағалау нәтижесі электрондық журналға тіркеледі, ал педагог қажет болған жағдайда бағаға түсініктеме де қалдыра алады.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4-сыныптарда формативтік бағалаудың рөлі күшейтілді. Министрлік бұл өзгерістің мақсаты оқушының біліміндегі ілгерілеуді тұрақты бақылау және қиындықты дер кезінде анықтау екенін мәлімдеген. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейін сақталды.
Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлер басқа бір мәселені де көрсетіп отыр: ата-ана баласының не себепті 9 алғанын үнемі түсіне бермейді. Егер дәптердегі жұмыс толық орындалған болып көрінсе, ал электронды журналда 9 тұрса, ата-ана үшін «тағы не жетпеді?» деген сұрақтың туындауы заңды.
Сондықтан дауға айналған мәселенің түйіні «мұғалім 10 қоюға тиіс пе?» дегеннен гөрі, қойылған бағаның ата-ана мен оқушыға қаншалықты түсінікті түсіндірілетінінде болуы мүмкін.
Бір қызығы, BilimClass-тың өзінде де 10 балл бөлек жоғары нәтиже ретінде есептеледі. 2026 жылы платформа өткізген оқушылар арасындағы байқауда жеңімпаздар формативтік бағалар ішіндегі «10» балдардың үлесіне қарай анықталған. Демек, 10 балл жай ғана символдық көрсеткіш емес, жүйеде нақты жоғары нәтиже ретінде қарастырылады.
Ал әлеуметтік желідегі қазіргі пікірталас ата-ана мен мұғалім арасында әлі де ортақ түсінік қалыптаспағанын байқатады: бір тарап үшін 10 балл – мінсіз жұмыстың бағасы, екінші тарап үшін бала тапсырманы дұрыс орындаса, ең жоғары балды алуға толық құқылы.
