Мұрат Құсайыновқа неге атақ берілмеді - министрлік жауап берді

Мұрат Құсайыновқа неге атақ берілмеді - министрлік жауап берді

Әлеуметтік желілерде "Дос-Мұқасан" ансамблінің солисті Мұрат Құсайновтың әлі күнге дейін "Қазақстанның халық әртісі" атағын алмағаны қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Tengrinews.kz - ке сілтеме жасап. Бұған қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі не дейді?

Талқылауға не себеп болды?

Threads желісінде жарияланған жазбада автор Мұрат Құсайнов секілді өнер майталманы халық әртісі атағын алмағанына таңданған. Жазба бір миллионнан аса қаралым жинап, пікірталас тудырды.

Желі қолданушылары бұл мәселе бойынша түрлі пікір айтып жатыр:

"Ол бұл атақты 50 жыл бұрын-ақ алатын адам!", "Дос-Мұқасанның" әндерін бүкіл ел тыңдап келеді - лайық!" - дейді қолдаушылар. Бұл ретте басқалары музыканттың мінезіне қатысты сын пікір қалдырған.

Министрлік не дейді?

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрат Құсайыновқа шынымен "Қазақстаннның халық әртісі" атағы берілмегенін растады. Алайда басты себеп, оған бұл атақты беру туралы ұсыныс түспеген.

"Мұрат Құсайновқа атақ беру туралы ешқандай өтініш министрлікке түспеді. Биыл құжат қабылдау аяқталды. Егер келесі жылы өтініш түсіп, тиісті түрде құжаттар тапсырылса, министрлік өтінішті белгіленген тәртіпке сәйкес қарауға дайын", - деп түсіндірді.

Сондай-ақ, музыканттың бірнеше жоғары марапаттарға ие екені айтылды:

  • "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі",
  • "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері",
  • "Құрмет" ордені,
  • "Парасат" ордені.

Халық әртісі атағы қалай беріледі?

2023 жылдан бастап "Қазақстанның халық әртісі" атағы театр, музыка, кино, цирк салаларына ерекше үлес қосқан өнер қайраткерлеріне беріледі. Үміткерде бұған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" немесе
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы болуы керек.

Марапатты Президент табыстайды, ал ұсыну құқығы парламент, үкімет, министрліктер, орталық және жергілікті органдар, шығармашылық одақтар мен ұйымдарға беріледі.

Барлық жаңалықтар