Шымкент мектептеріндегі Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына көшу мәселесі мұғалімдер арасында тағы да қызу талқыға түсті. Белсенді ұстаз Мейіржан Темірбек бұл өзгерістің себебі, қаржыландыруы мен артықшылығы педагогтерге ашық түсіндірілмегенін айтып, Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар өткір сұрақ қойды, деп жазады Democrat.kz.
Мейіржан Темірбек Шымкенттегі әріптестерінің жаңа жүйеге көшуге наразылық білдіргенін қолдап, мұғалімдердің пікірін сұрамай цифрлық платформаларды алмастыра беруге қарсы екенін жеткізді.
Оның айтуынша, педагогтер Kundelik жүйесінде сегіз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, оған толық бейімделіп үлгерген. Ал енді қалыптасқан жүйені бір сәтте өзгерту мұғалімдерді қайта оқыту, жаңа интерфейске үйрету және бұрынғы жұмыс тәртібін қайта құру деген сөз.
«Расында біз неге эксперименттер мен цифрлық ауысулардың зардабын шегуіміз керек? Неге жеке бизнестің құрбаны болуымыз керек? 8 жылдан аса жасалған жұмысты бір сәтте жоқ етті. Мұғалімдерді оқытпастан, үйретпестен, сұрамастан тықпалайтын әдет қалмайды», – деп жазды ол.
Белсенді ұстаз жаңа платформаның қандай қаражат есебінен енгізіліп жатқанын да ашық түсіндіруді талап етті.
«Барлығы шынымен де су тегін бе? Қандай қаражаттан, қайда, қалай, неге ауысып жатырмыз? Дәл осы жерін неге ашып айтпайсыздар? Бұрынғы жүйе несі жақпады, ендігі жүйенің несі артық?» – дейді Мейіржан Темірбек.
Ол цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетуі тиіс болғанымен, іс жүзінде әр жаңа жүйе жаңа міндет пен қосымша жүктемеге айналып кететінін сынға алды.
«Қағазбастылық пен жұмысты азайт деген сайын неше түрліні шығарасыздар ғой?» – деп жазды ұстаз.
Мейіржан Темірбек Kundelik пен BilimClass өкілдерін де ашық түсініктеме беруге шақырды. Оның ойынша, екі платформаның нақты айырмашылығы, бірінің екіншісінен қандай артықшылығы бар екені және ауысудың кімнің шешімімен жүзеге асып жатқаны мұғалімдерге анық айтылуы керек.
«Несі артық? Несі кем? Түсіндіріңіздер», – дейді ол.
Белсенді ұстаздың ең басты сыны – таңдау құқығына қатысты.
Оның айтуынша, мұғалімдер платформаны өздері таңдамаған.
«Мұғалімдер ештеңе таңдаған жоқ. Жоғары жақтың таңдауы осы болып тұр», – деп түйіндеген Мейіржан Темірбек сұрақтарын Оқу ағарту министрі Ж.Сүлейменоваға бағыттады.
Шымкент мұғалімдерінің наразылығы осылайша бір ғана электрондық журнал мәселесінен шығып, білім саласындағы цифрлық шешімдердің қаншалықты ашық қабылданатыны, педагог пікірі қаншалықты ескерілетіні және платформаларды ауыстырудың нақты экономикалық негізі қандай деген үлкен сұраққа айналып отыр.