Threads желісінде имам Нұралы Бақытұлы мектептегі орамал дауы мен шетелден көлік әкелуге қатысты наразылықты салыстырып, намаз оқитын азаматтарға сын айтты. Алайда пікір білдірушілердің бір бөлігі автордың сол кезде өзі не істегенін сұрады деп жазады Democrat.kz.
Нұралы Бақытұлының nuraly_ustaz парақшасында жариялаған жазбасы екі мәселені қатар қойған: орамал таққан баланың мектепке кіре алмауы және шетелден әкелінген көліктің елге кіргізілмеуі.
«Қызы орамалмен мектепке кіре алмай қалғанда шырылдамаған намазхан, шет елден көлігі кірмей қалғанда көшедегі шырылына жол болсын!» — деп жазған автор.
Осы сөз арқылы ол баласының жағдайына үн қатпай, көлігіне келгенде наразылық білдіретін адамдарды сынаған. Дегенмен жазбада нақты ата-ана, бала, мектеп немесе көлікке қатысты оқиға аталмаған. Бұл — автордың жалпылама салыстыруы.
Пікірлердегі өткір қарсылықтың бірі автордың өз ұстанымына қатысты болды. tohtarov_ka есімді қолданушы Нұралының өзі орамал дауы кезінде неге үн көтермегенін сұраған. Ол «Болары болып, бояуы сіңген соң...» өзгелерді сынап жазба жариялауға қарсы уәж айтқан.
Ал yakamo_z_11 авторға сынын үкіметке бағыттауды ұсынған. Пікір иесі «тісің батса» деген тіркеспен Нұралының билікке де осындай талап қоя алатынына күмән білдірген.
ibeksky есімді қолданушы екі мәселені салыстырудың өзімен келіспеген. Ол мектеп пен мешіттің қызметін ажырату керегін айтып:
«Нұралы, мешітке орамалсыз кіруге болмайды, ол құдайдың үйі. Мектепке хиджабпен кіруге болмайды, ол ғылым үйі. Айырмасын түсініп ал», — деп жазған.
ulikbekovna97 есімді пікір иесі де орамал дауы мен көлікке қатысты наразылықты бірдей бағалауға қарсы шыққан. Оның пайымынша, екеуінің айырмасы бар, сондықтан адамдарды осылай төмендетудің қажеті жоқ.
Авторды қолдағандар да кездеседі. 1mdoni есімді қолданушы «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деп жазса, nurdaulet_0486kz оның айтқанымен келіскен.
Осылайша, Нұралы имам ақыл айтам деп өзі арандап қала жаздаған сияқты. Зайырлы Қазақстанның мектеп ережесіне қарсы шығып, қыздарға хиджаб кигізуді жөн санап отырған имамның бұл сөзіне не айтасыз?
