"Оба зобалаңы": Иркутскідегі жұмбақ өлімге қатысты жаңа мәлімдеме жасалды

"Оба зобалаңы": Иркутскідегі жұмбақ өлімге қатысты жаңа мәлімдеме жасалды

Ресейдің Иркутск қаласындағы обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилованың өлімінен кейін тараған «қауіпті инфекциясы бар пробирка сынған» деген нұсқаға марқұмның анасы үзілді-кесілді қарсы шықты. Оның айтуынша, зертханада қолданылатын пробиркалар соққыға төзімді және оларды оңай сындыру немесе ішіндегісін төгіп алу мүмкін емес, деп жазады Democrat.kz.

Дарья Шипилова 2 қазанда Иркутск облысындағы Шелехов қаласының ауруханасында қайтыс болған. Ресейдің ресми органдары оның өлімін әзірге шығу тегі белгісіз пневмониямен байланыстырып отыр. Сонымен бірге Роспотребнадзор қызметкердің өлімі институтта зерттелетін қауіпті қоздырғыштармен байланысты екені анықталмағанын мәлімдеді. 

Оқиғадан кейін Дарьямен байланыста болған шамамен 200 адам медициналық бақылауға алынып, бірқатар адам карантинге жіберілген. Мыңдаған зертханалық талдау жасалып, оба қоздырғышы анықталмағаны хабарланды. 

Алайда әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та Дарья зертханада оба қоздырғышы бар пробирканы сындырып алып, соның салдарынан жұқтырған болуы мүмкін деген болжам тараған.

Марқұмның анасы Светлана Шипилова бұл нұсқаны «шоу» деп атады.

Ол зертханада қолданылатын пробиркалардың ерекше қорғалғанын айтып:

«Оны қабырғаға бар күшіңмен лақтырсаң да сындыру мүмкін емес. Ішіндегісін төгу де оңай емес. Олар соншалықты қорғалған», — деген. 

Институтта жұмыс істейтін қызметкер де зертханада қауіпсіздік талаптары өте жоғары екенін, қауіпті материалдар оқшауланған бокстарда және арнайы қорғаныс киімімен қолданылатынын айтқан. Бұрын осы институтта тәжірибеден өткен медицина қызметкерінің сөзінше, қызметкерлер ғана емес, тәжірибеге келген студенттердің өзіне обаға қарсы вакцина салынған. 

Светлана Шипилова журналистермен сөйлескен кезде өзі де карантинде болған. Оның айтуынша, күн сайын одан түрлі талдаулар мен жағындылар алынып отырған, бірақ қызының өлімі туралы ресми қорытынды әлі қолына берілмеген. 

Ол сондай-ақ қызын әлі жерлемегенін, отбасы мүшелері карантиннен шықпайынша қоштасу рәсімін өткізу мүмкін болмағанын айтқан. 

Дарья Шипилованың нақты неден қайтыс болғаны жөніндегі түпкілікті ресми қорытынды әзірге жарияланған жоқ. Ал Ресей билігі оба індеті тарады деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Барлық жаңалықтар