Қазақстанда жасөспірім қыздардың көбі жыныстық зорлықтан кейін жүкті болып, бала босанады. Өткен күзде Түркістан облысында 15 жастағы қыздың 71 жастағы көршісінен аяғы ауырлап, балалы болғаны елді дүр сілкіндірген еді. Статистикалық деректерге сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік оқиғалары Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында өте жоғары көрсеткішке жеткен деп жазады Democrat.kz.
Бұл өңірлерде жасөспірім қыздардың ерте босануы мен ерте тұрмысқа шығу деректері жиі тіркеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Антирекорд көшін қай өңірлер бастап тұр?
Ең алдымен, жасөспірімдер арасындағы бала туу жиілігіне тоқталайық. Статистикадағы бұл сандар әр 1 000 жасөспірім қыздың ішінен қаншауы ана атанғанын көрсетеді.
Республикалық деңгей: 2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 15 пен 19 жас аралығындағы әр 1 000 қыздың 13-ке жуығы (нақты 12,96) босанған. Бұл көрсеткіш тұрғылықты жерге байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Қалада әр 1 000 жасөспірім қыздың 10-ы босанса, ауылда бұл көрсеткіш жоғары - әр 1 000 қыздың 16-17-сі (нақты 16,63) ана атанған.
Жасөспірімдер арасындағы бала туу жағдайлары негізінен еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында жиі кездеседі. Әсіресе, келесі үш облыстағы жағдай ушығып тұр.
- Жамбыл облысында әр 1 000 жасөспірім қыздың 20-ға жуығы (19,67) босанған. Бұл - еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.
- Маңғыстау облысында әр 1 000 жасөспірім қыздың 19-ға жуығы (18,87) ана атанған.
- Түркістан облысында әр 1 000 жасөспірім қыздың 18-19-ы (18,51) босанған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын табысы төмен және орташа елдерде 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. ДДСҰ мамандары 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың өліміне әкелетін негізгі себептердің бірі - ерте жүктілік пен босану кезіндегі қиындықтан екенін ескертеді.
Қазақстандағы ерте некеге тұру көрсеткіші
Еліміздегі жағдайға үңілсек, ерте неке мәселесі әлі де өзекті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 123,6 мың жұп ресми некесін қиған.
- Қыздар арасында: 616 кәмелетке толмаған қыз және 16,8 мың 18-19 жастағы бойжеткен тұрмысқа шықты. Оның ішінде екі қыз ажырасып, екінші рет күйеуге тиген.
- Ұлдар арасында: 2024 жылы некеге тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім ұлдардың саны небәрі 64 адам болды. Бұл қыздар арасындағы көрсеткіштен 10 есе аз.
Айта кетерлік жайт, аталған сандардың ішінде 18 жасқа толмаған 2 қыз және 18-19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, тағы да тұрмысқа шыққан.
Ал ер жігіттер арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Екінші мәрте некеге тұрғандардың саны небәрі 7 адамды құрады және олардың барлығы кәмелетке толған. Бұдан байқайтынымыз, жасөспірім қыздар көбіне өз қатарластарына емес, өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға ұзатылады немесе солардың зорлық-зомбылығының құрбаны болады.
Ерте жастағы бала туудың жоғары көрсеткіші қыздардың алғашқы некеге тұру жасы ең төмен аймақтарда байқалады. Олардың қатарында Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстары бар.