Оқу ағарту министрін сынаушылар саны күн санап артуда

Оқу ағарту министрін сынаушылар саны күн санап артуда
Еліміздің Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы күн өткен сайын сынаушылар қатары қалыңдай түсуде. Қоғам белсендісі Гүлжазира Искакова өзінің парақшасында бұрынғы депутат, қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменованың жарты жылдық уақытта атқарған жұмыстарын сынап, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"Біздің елдің кадрлық саясаты - шытырман оқиғалы сериал сияқты. Кеше ғана Парламентте отырып, Үкіметтің жұмысын аяусыз сынап, «білім саласы неге ақсап жатыр?» деп депутаттық сауалдарды қарша боратқан ханым, бүгін сол сынның астында қалған саланың тізгінін ұстады.
 
Қандай тамаша мүмкіндік! Енді өзі айтқан «керемет ұсыныстарды» өзі жүзеге асыруына ешкім кедергі емес. 
Таңертең 10.30-да бір әріптесім қоңырау шалды.
- Жаңалықты естідіңіз бе?
- Шилібекованың кеткенін айтасың ба?
- Ия, одан артық кім келу керек еді “ Өрлеуге?”
- Өзі еңсесін тіктей алмай жүрген “ Өрлеу” еді ғой…
Содан әлеуметтік желіге кірсем, жаңалықтарда “покинул пост” деген өріп жүрген екен…
 
 Бүгін Жұлдыз Сүлейменова келгеніне тура 6,5 ай екен. Осы уақыт бізде “ ғажайыптарға” толы болуда.
 
Алдымен БЖБ мен ТЖБ-ны ауыстырамын деп әлек салды. Олар ауысса 2016-дан бергі Жаңартылған білім мазмұны түгел ауысатынын біледі ме?-деп ойладым.
 
Содан кейін директорларға “2+2” диетасын ұсынды. Құдай-ау, қазір директор болатын адам жоқ қой. Жауапкершілікті кім алсын мойнына? Онсызда резервистердің көбі қашып кетті. Ал көбісінің амалсыз көшке ілесіп жүргенін көріп жүрміз ғой. Сол 1000 көшбасшының көш бастап жүргені некен-саяқ…
 
Ал аттестацияны былықтырып қойды. Бүгін қайта ашылды тест тапсыру. Сонда бұл не болды?
 
Мұғалімдерді портфолиоға тәуелді қылмай, оны алып, тестті қалдыру керек еді. Сосын 30 жыл, 40 жыл демей, барлығымыз тест тапсыру керекпіз. Өз пәнінен тест тапсыра алмай ма? Неге соншама қорқады? Яғни, біліміне сенімсіз…
 
Осындай “ұлы идеяларыңызбен” есте қалып жатырсыз…
Ал енді кадр мәселесіне келсек, “қоғадай қырып” жатырсыз ғой...
 
Алдымен ҰБА-ның президенті, “Дарын”РҒПО, “Талдау” орталығының, Инклюзивті білім беру орталығының, “Өрлеудің” басшысының орнынан кетуі нені білдіреді? Бұл кеткен кадрлардың барлығы да осал емес еді. “Болашақпен” оқып келген, РhD дәрежесі бар, ғылым кандидаты, тәжірибелі мамандар ғой…
Министр болып келе салысымен саланың тірегі болып отырған орталық басшыларын жаппай қызметтен босату - бұл «жаңашылдық» па, әлде ескі кек пе? Әлде депутат кезінде жазып қойған «қара тізімі» ме?
 
Депутаттық мандат - ол бронь емес. «Баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалып, тек басшыларды ауыстырумен айналысса, ертең-ақ сол өзіңіз келген Парламентке қайтадан «есеп беруге» баратыныңызды ұмытпаған жөн.
 
Білім саласы - эксперимент жасайтын зертхана емес, ол ұлттың тағдыры.
Сіз қалай ойлайсыз, Аида Балаева,
депутат болған адам министрлікте нәтиже көрсете ала ма, әлде бұл тек саяси ротация ма? Біздің “Білім кемеміз” қайда жүзіп барады?", деп жазды Гүлжазира Искакова.
Барлық жаңалықтар