Белгілі журналист Ораз Әлімбеков қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан діни мәселелерге қатысты пікір білдіріп, уағызшылардың заңсыз әрекеттерін сынады деп жазады Democrat.kz.
"Сиыр жақсы ма, маймыл жақсы ма? Ұстаз Сапашев - «бәйбішеден», журналист Байсеміз «тоқалдан» туды ма?!
Атеистердің ар-ожданына нұқсан келтірген ислам ұстазы, PhD-доктор Нұржан Смағұловқа шығарылған сот шешімін қарап шықтым.
Ол атеистерді сиырға теңегені үшін емес, атеистреді маймылға теңегені үшін ғана сотталып, 108125 теңге айыппұл арқалапты. Сотқа берген Алматы қаласы дін істері басқармасы Н.Смағұловтың атеистерді сиырға теңегенін жасырып қалған. Сәйкесінше, Н.Смағұлов атеистерді сиырға теңегені үшін жазаға тартылмай сытылып кетті. Мұнда қандай гәп бар?
Естеріңізде болса, құрметті оқырман, Н.Смағұлов тағы бір өзін ұстаз санайтын Жанболат Сапашевтің Mihrab kz ютуб арнасында атистерді мөңіреп жүретін сиырға теңеген.
Атеистерді бұлайша қорлау аз десе керек, бұдан кейін Н.Смағұлов Daguat KZ ютуб арнасында атеистерді сиыр дегені үшін кешірім сұрағансып, -өтірік мүләйімсіп, атеистер маймылдан шықты деп салды.
Қалай десе де бұл атеистік көзқарастағы адамдарды адам санатына, атеистерді Қазақстанның тең құқылы азаматы қатарына қоспай отыр... Ең сорақысы сол – мемлекеттік орган – Алматы қаласы дін істері басқармасы PhD-доктор Н.Смағұловты әкімшілік іске (490-1-3 бап - діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығару және (немесе) тарату) тарта салған (скрин комментте).
Дұрысы, Н.Смағұлов экстремистік баппен, нақтылап айтсақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша жауапкершілікке тартылу керек еді, сөйтіп қатаң жаза арқалап, PhD-докторы деген атағынан айырылу керек еді, ол уағыз айтып жүрген арналар жабылу керек еді.
Себебі, ол теңқұқылы азаматтарды кемсітіп, қазақ қоғамында араздық туындатты.
Екіншіден, экстремистік контент жариялағаны үшін Жанболат Сапашевтің Mihrab kz ютуб арнасы да, Daguat KZ ютуб арнасының да «мұрты қисайған жоқ».
Атеистерді қорлаған екі видео да сол күйінде тұр. Сондай-ақ, қазақстандық нақышпандылардың пірі Құрбанәлі тақсырды соттағанда одан сұхбат алған журналист Жанар Байсеміз де әкімшілік жаза арқалап, айыппұл төлеген.
Ал ислам ұстазы, PhD-доктор Н.Смағұловпен бірге Mihrab kz ютуб арнасының иесі Жанболат Сапашев жазаға тартылған жоқ. Осы әділеттілік пе?
Әлде, Сапашевті «бәйбішеден туды», Байсеміз «тоқалдан туды» деп санаймыз ба?!. Әлде, Mihrab kz пен Daguat KZ арналары дін істері комитетінің «қамқорлығында» ма?
Эх, бір қайнауы кем қу дүние-ай",деп
жазды Ораз Әлімбеков.