"Орталық Азия үшін бағдар" – сарапшылар Қазақстан экономикасының 4,1% өсіміне баға берді

"Орталық Азия үшін бағдар" – сарапшылар Қазақстан экономикасының 4,1% өсіміне баға берді

Қазақстанның ішкі жалпы өнімі жарты жылда 4,1 пайызға өсті, бұл ретте отандық және шетелдік сарапшылар жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан оң динамикаға өңдеу өнеркәсібі арқылы қол жеткізілгенін жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды Democrat.kz.

"Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға өсіп, жеке инвестициялар ағыны 21,4 пайызға артты. Бұл шикізатқа тәуелділіктен өндіріске, инфрақұрылымға, жеке капиталға және технологияларға негізделген әртараптандырылған экономикаға біртіндеп көшуді көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақордада Премьер-министр Олжас Бектеновке берген тапсырмалары еліміздегі экономикалық саясаттың экожүйелік және құрылымдық сипатқа ие болғанын дәлелдейді. Әділетті Қазақстан бағдары осыдан байқалады. Мемлекет бизнес, өңірлер және азаматтар үшін әділ ережелер мен ұзақ мерзімді мүмкіндіктер қалыптастырып жатыр", – деп мәлімдеді Қазақстанның халықтық дипломатия орталығының вице-президенті, саяси сарапшы Виталий Колточник.

Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудырды. Өзбекстандық сарапшы Ранохон Турсунованың пайымдауынша республиканың экономиканы әртараптандыру тәжірибесі мен инвесторлармен жүргізіліп жатқан жұмысы Орталық Азия елдері үшін жақсы бағдар бола алады.

"Орталық Азиядағы процестерге маманданған сарапшы ретінде мен бұл деректерден Өзбекстан үшін де өзекті болып саналатын бірқатар маңызды тенденцияны көріп отырмын. Ішкі жалпы өнімнің әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары өсуі Қазақстан экономикасының белгілі бір тұрақтылығын және жаһандық белгісіздік жағдайында озық динамика көрсетіп отырғанын білдіреді. Яғни Үкімет Президент Тоқаев белгілеген міндеттерді орындау бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның деректері маңызды бағдар болып табылады және экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға, негізгі салаларды дамытуға және халықты қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Тығыз интеграция жағдайында көршілеріміздің оң тәжірибесі одан әрі жұмыс істеу үшін қосымша стимул бола алады", – деді Орталық Азия бойынша өзбекстандық сарапшы Ранохон Турсунова.

Сарапшының сөзіне қарағанда негізгі капиталға құйылған инвестицияның, әсіресе жеке қаражат ағынының артуы бизнестің Қазақстанның экономикалық саясатына деген сенімін көрсетеді. Инвестициялық ортаның болжамдылығы жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Сондай-ақ аграршыларды қолдау барысында әрбір бюджеттік теңгеге 6,5 теңге жеке инвестиция тартылуы мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің тиімді үлгісі екені айтылды. Сонымен қатар инфляцияны тежеу және азаматтарды жұмыспен қамтуды ынталандыру мақсатында әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру шаралары оң бағаланды.

Қазақстандық экономист Бекнұр Кисиков басым секторларды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында ішкі жалпы өнімнің өсуі заңды құбылыс екенін алға тартты.

"Экономикалық өсімнің негізі ретінде жол, қойма, зауыт және басқа да нысандар құрылысы сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды айтуға болады. Сонымен қатар инвестиция көлемі артып келеді. Мемлекет қазір оны еліміздің барлық өңірін дамытуға белсенді түрде бағыттап отыр. Өз кезегінде көптеген жергілікті экономикадан құралатын мықты өңірлік экономика бүкіл Қазақстанның макроэкономикасын нығайтады. Сондықтан ішкі жалпы өнімнің өсуі заңды құбылыс", – дейді экономист Бекнұр Кисиков.

Мамандар өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардағы өсім экономиканы нығайтуға бағытталған үлкен әрі кешенді жұмыстың нәтижесі деген ортақ пікірге келді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретіні, ал оның тиімділігі қазірдің өзінде айқын байқалып отырғаны атап өтілді.

Барлық жаңалықтар