Әлеуметтік желіде мектеп директорының айлығы қанша деген қарапайым сұрақ үлкен пікірталас туғызды. Пікірлерге қарағанда, бір мектеп басшысы 200 мың теңгенің айналасында алса, енді бірі 600–800 мың, тіпті миллион теңгеге жуық жалақы алатынын жазған. Мұндай айырмашылықтың неден туындайтыны көпшілікті таңғалдырды, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде қолданушылар мектеп директорларының нақты табысы туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Біреулер директордың айлығы 250–350 мың теңге шамасында екенін жазса, басқалары 425 мың, 500 мың, 600–670 мың теңге алатынын айтты. Тіпті 800–890 мың және 1 миллион теңге алатын директорлар бар деген пікірлер де кездесті.
«Өзім директор ретінде айтайын, 667 мың аламын», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі ауылдағы тәжірибесіз, санаты жоқ директордың табысы 200–210 мың теңге шамасында болуы мүмкін екенін айтқан.
Мұндай үлкен айырмашылық кездейсоқ емес. Директордың табысына еңбек өтілі, біліктілік санаты, мектептің орналасқан жері, қосымша сабақ сағаты, ауылдық үстемақы және өзге төлемдер әсер етеді.
Пікірлерден тағы бір қызық жайт байқалды: жұрттың көбі «директор міндетті түрде өте жоғары жалақы алады» деп ойлағанымен, кей мектеп басшыларының табысы қарапайым мұғалім жалақысынан аса көп емес.
Ал кей қолданушылар директорлық қызметтің табысын тек ресми айлықпен өлшеуге болмайтынын меңзеп, мектепке жұмысқа қабылдау кезінде пара сұралатын жағдайлар бар деген күдік те айтты. Алайда мұндай пікірлер нақты дәлелденген дерек емес.
Бір ғана желідегі талқылаудың өзі Қазақстан мектептеріндегі директор жалақысының біркелкі еместігін көрсетті: бір жерде 200–300 мың теңге, енді бір жерде 600–800 мың теңге.
Сондықтан «мектеп директоры нақты қанша алады?» деген сұраққа бір ғана санмен жауап беру мүмкін емес.