Қажетсіз мамандықтар: Депутат сұранысы жоқ, ескі мамандықтар туралы айтты

Қажетсіз мамандықтар: Депутат сұранысы жоқ, ескі мамандықтар туралы айтты

Мәжілісте Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесіндегі тағы бірқатар жүйелі проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, қазіргі саясат еңбек нарығына сай келмейтін мамандарды шамадан тыс даярлауға алып келіп отыр, деп хабарлайды Democrat.kz.сайты BAQ.KZ -ке сілтеме жасап. 

Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні мемлекет негізінен гранттарды реттегенімен, ақылы қабылдау мәселесіне жеткілікті назар аударылмай отыр.

Жоғары оқу орындары сұранысы жоқ, ескірген мамандықтар бойынша мыңдаған ақылы студенттерді қабылдауды жалғастырып келеді. Соның салдарынан дисбаланс күшейіп жатыр, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, азаматтар болашақта сұранысқа ие болмайтын мамандықтар үшін миллиондаған қаржы жұмсап отыр. Сондықтан қабылдау құрылымын анағұрлым тиімді реттеу қажет.

Аймағамбетов бұл ретте барлық танымал мамандықтарды әкімшілік жолмен жабу туралы емес, ақылды реттеу тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар депутат еңбек нарығындағы жаңа трендтерге назар аударды.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай жаңа жұмыс орындарының 56%-ы орта және төмен біліктілікті қажет ететін мамандықтарға тиесілі болады.

Алайда қазіргі таңда жоғары білімді мамандар кейбір бағыттар бойынша сұраныстан 5–6 есе артық дайындалып жатыр.

Мысал ретінде депутат ІТ саласын келтірді.

Бүгінде ІТ мамандықтарын тәмамдаған түлектердің тек 31%-ы ғана өз саласында жұмыс істейді, – деді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларының өзектілігі.

Қағаз жүзінде жүйе дұрыс жұмыс істеп тұрғандай көрінеді: елде мыңға жуық білім беру бағдарламасы бар, олардың 85%-ы кәсіби стандарттарға сәйкес жаңартылған. Алайда мәселе стандарттардың өзінде болып отыр.

Аймағамбетовтың айтуынша, бұл стандарттар көбіне ескі модельге негізделген және жасанды интеллекттің ықпалын ескермейді.

Кәсіби стандарттар – университеттер үшін компас. Бірақ егер компас дұрыс бағыт көрсетпесе, біз қайда барамыз? – деді депутат.

Оның сөзінше, қазіргі стандарттарда нейрожелілермен жұмыс істеу, олардың жауаптарын сыни тұрғыда талдау сияқты маңызды дағдылар қарастырылмаған.

Нәтижесінде парадокс қалыптасып отыр: жоғары оқу орны барлық талапты орындап, бағдарламасын бекітуден өткізе алады, бірақ сонымен қатар еңбек нарығына ескірген дағдылары бар мамандарды дайындайды.

Депутат бұл мәселе тек білім беру саласының емес, ең алдымен жұмыс берушілер мен салалық министрліктердің жауапкершілігі екенін атап өтті. Себебі кәсіби стандарттарды дәл осы құрылымдар қалыптастырады.

Осылайша, қазіргі жүйе формалды түрде дұрыс жұмыс істегенімен, мазмұндық тұрғыдан жаңа экономиканың талаптарына толық жауап бермей отыр.

Барлық жаңалықтар