Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы бақыт гормоны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында қызықты жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
«Қуасың ба, Ләйлә?» дейтін постты қазір оқисыздар.
Бірақ ойымды асықпай оқып шықсаңыз.
Бақыт гормоны дофамин деп аталады. Ол ағзада ұзақ уақыт бөлініп тұрмайды, орнын басқа гормондар басады. Өмір ғой, адам үнемі бақыттан басы айналып жүрмейді. Арасында ұрыс-керіс, реніш, өкпе, стресс болады.
Ал бізде, «бізде» деп отырғаным - біздің ұлтта, ол басқа ұлттарға қарағанда ұзақтау әсер ететін сияқты. Себебі біздегідей мотивацияны, біздегідей өмірді сүюді, жоспарлауды мен басқа елдерден көрген жоқпын. Көп ел, көп жер араладым, тіпті Оксфордта да тұрып келдім.
Мысалы, қайда барсам да, біздегідей бауырмалдықты, бауырының тойына дайындалуды, анасының 80 жылдығын күтуді немесе арғы күні көршінің сүндет тойына баруды жоспарлап жүрген адамдарды көрмедім.
Көбінде өз өмірі, өз мүддесі бірінші орында.
Сол себепті бізде алдағы қуанышты сәттерге дайындалу, жоспар құру, тойға әдемі көйлек іздеу деген нәрсе бар.
Айтса айта берсін, бірақ бес жылдан кейін болатын баламыздың тойы, әжеміздің мерейтойы, көршімізге апаратын ерулігіміз бізді жаңа көйлек алуға, маникюр жасатуға, әдемі болуға ынталандырады.
Ол былай тұрсын, өзгемен жарысудың, мақтанудың өзі бізге мотивация береді. Ал мотивацияның артында дофамин тұр. Ал дофамин, жоғарыда жазғанымдай, бақыт гормоны ғой.
Ағайын-туыстың тойынсыз, мақтану үшін дүние жинамай қалай өмір сүреміз?
Енді мұның жауабы бар сияқты: біз өзгелерге қарағанда бақыттырақпыз.
Ал ысырап жағы - ол енді басқа әңгіме", деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.