Белгілі актер Бекжан Тұрыс әлеуметтік желідегі парақшасында алаяқтарды қалай шаршатқанын айтып, қызықты жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Телефоннан қоңырау шалынғанда ойланбай көтеріп: “Әлө”, - дейміз ғой. Ар жақтағы адам орысшалап “энергосбыттан” екенін айтты. О тықыр мен бұ тықыр ұқсамайды, байқасам. “Бекжан Асаубаевич”, - деп бастап, іші-бауырыма кіріп-ақ барады.
Зейнеткерлерге әлдеқандай жеңілдік барын айтты ма-ау аузы-аузына жұқпады. Көп қазақтың мазасын алып жүрген кәдімгі алаяқтық тәсіл маған да жетіпті. Тұтқаны қоюға асықпадым.
Шалдың дауысына салып алып: “Ой, жақсы болды ғой, мен зейнеткер адамын”, - дедім ә дегеннен. “Подождите”, - деп қоям зейін қойып тыңдауға құлықты екенімді білдіріп. “Аңқау шал құрыққа түсті”, - деп ойлады білем, ар жақтағы қарағым да елпілдей жөнелді.
Арнайы телефон нөмірі ме, басқа ма, түсініп үлгергем де жоқ, бірдеңені айтып, есіме сақтауды сұрады. Онысын тіпті ең жақындарыма да айтпауды ескертті. Менің орысшам қайбір жетіскен дейсіз, әлгі сандардың тізбегін естігенде есте сақтау қабілетім нашар екенін өйтіп-бүйтіп түсіндірдім. “Подождите, пожалуйста, бумагу возьму”, - дедім. Өзімше ананың айтқанын жазып алмақ ниетте екенімді білдірдім. Үстелдің тартпасын ашып-жауып қағазды бір “іздеп”, арасында басқа сөзді жетістірмесек те, тұздықтауды жақсы меңгергенбіз, іздегенімді оңай таппай жүргендей.
Тұтқаны ұстаған күйі арғы бөлмеге кірем, арасында көзілдірік іздегендей болып тартпаны тарс еткізіп ашып-жабам. “Куда положил я”, - деп күбірлеуді де ұмытпадым.
Ақыры анау жынданған күйі байланысты үзді. Әй, бір 15-20 минут анық жүйкесіне тидім-ау, маған хабарласып уақыт кетіргеніне анық өкінді. Қайдағы бір қазақтың шалын қатырам дегені ақыры жүзеге аспады (қайдан білсін орыстың қатынын да ойнағанымды).
… “Мемсыйлық” деген аламаннан Тұрсын ағамды ысырып тастаған комиссия мүшелері де сол алаяқ сияқты өкініп қалмады ма екен, а? Желі беті шулапты кәдімгідей. …Тау бөктерінде түсірілімде жүргендіктен цифрлы Қазақстанның шамасы келмей жатыр ма, байланыс жоқ. Бар екенімді білдіргенім ғой", деп жазды Бекжан Тұрыс.