"Қазақ тілі - кедейдің тілі" деген депутаттың үстінен прокуратураға шағым түсті

"Қазақ тілі - кедейдің тілі" деген депутаттың үстінен прокуратураға шағым түсті

Мәжіліс депутаты Самат Нұртазаның "қазақ тілі кедейлердің тілі" деген әлеуметтік желідегі пікір жазбасына қатысты прокуратураға арыз түсірілді деп жазады Democrat.kz. 

Еске салып өтейік, Самат Нұртаза Facebook-те "Қазақ тілі-кедейлердің, сіңірлердің, тачка итерушілер мен даяшылардың тілі. Кіжін сіңір! Ашулан кедей!"деген пікір жазған болатын. Бұл пікір 4-5 жыл бұрын жазылған еді. 

Осы жазбаның скрині әлеуметтік желіде тағы да тарап, жұрт дүрлігіп кетті. Бәлки, дәл қазір Конституцияның жаңа жобасындағы мемлекеттік тіл туралы пікірталас туындап жатқанда, бұл ескі скрин отқа май құйғандай болды ма, белгісіз, жұрт шулап кетті..

Кеше ғана депутат осы ескі жазбасына қатысты әлеуметтік желіде түсінік беріп, халықтан кешірім де сұрады. 

Алайда депутаттың кешірімі аса шынайы шықпады ма, әлде ескі жараның аузын ашып жіберді ме, әлеуметтік желіде "Самат Нұртазаның сөзі үшін прокуратураға арыз түсірілгені" туралы жазба хабар тарады. 

 Threads және басқа да әлеуметтік желілерде жұрт:

"Қазақтардың тілін, дәстүрлерін, ар – намысы мен сенімін қорлайтын адамға заңның ең қатаң шаралары қолданылуы керек", "Мен Астана прокуратурасына оның парақшасы арқылы арыз қалдырдым", "Егер біздің салықтарымыздан жалақы алатын депутат бұлай десе, басқалардан не күтуге болады?" Дегенге саятын пікірлер жазуда. 

Депутат Самат Нұртаза әзірге бұл мәселеге қатысты ресми түсінік бермеді. 

Барлық жаңалықтар