«Қазақмыс» өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау бойынша 2026–2028 жылдарға арналған стратегияны қабылдады

«Қазақмыс» өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау бойынша 2026–2028 жылдарға арналған стратегияны қабылдады

«Қазақмыс» компаниялар тобында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы қабылданды, деп хабарлайды democrat.kz.

Стратегиялық сессия «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен өтті. Оған басқарма мүшелері, өндірістік бөлімшелердің басшылары, техникалық сарапшылар және халықаралық JMJ Associates компаниясының кеңесшілері қатысты. Кездесу барысында компания басшысы қызметкерлердің өміріне қауіп төнген жағдайда жұмысты жалғастыруға жол берілмейтінін ерекше атап өтті.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. Өлімге әкелетін жазатайым оқиғалардың алдын алу – негізгі міндет. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған кезде ғана өндірістік жоспарларды орындауға болады», – деді Руслан Өскенәлі.

Оның айтуынша, қауіпсіздік шараларына қатысты жауапкершілік барлық деңгейде нақты бекітіледі және қауіпсіздік техникасы бойынша орталық комитет құрылмақ.

Жаңа стратегия еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмахановтың жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы тарапынан әзірленген. Бұл жұмыс аясында ішкі аудит жүргізіліп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен тәуелсіз зерттеу өткізіліп, трансформацияның негізгі бағыттары айқындалды.

Нәтижесінде нөлдік жарақаттану қағидатына негізделген стратегия бекітіліп, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру мен қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамыту көзделді.

Осыған байланысты 2026 жыл компанияда қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Стратегияны іске асыру үшін тоқсан сайын жиналатын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылады. Сонымен қатар өндірістік активтер деңгейінде ай сайын өтетін комитет отырыстарын өткізу тәжірибесі енгізілмек.

Құжатты жүзеге асыру барысында аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары барлық бизнес-процестерге, соның ішінде мердігер ұйымдармен жұмысқа да интеграцияланады.

Сондай-ақ тәуекелдерді төмендету мақсатында жабдықтарды жаңарту мен өндірістік активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларға басымдық беріледі. Енді аса қауіпті тәуекелдерді бақылау шараларын толық орындау басшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштерінің бірі болады.

Бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада жарақаттану деңгейін кезең-кезеңімен төмендетіп, өліммен аяқталатын оқиғаларды толық жоюға бағытталған.

Барлық жаңалықтар