Қазақмыс қауіпсіздікті «ақылды» технологиямен күшейтуде

Қазақмыс қауіпсіздікті «ақылды» технологиямен күшейтуде

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті нығайту стратегиясы аясында кеніштің медициналық пункті базасында «АМТЖ» бағдарламалық-аппараттық кешенін сынақтан өткізу басталды. Жоба ауысым алдындағы тексеруді толық автоматтандыруға және жұмысқа рұқсат беру кезінде адам факторына тәуелділікті жоюға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.

Қызметкерге ауысым алдында жедел тексеруден өтуге мүмкіндік беретін интеллектуалды терминал автоматты түрде қан қысымын, тамыр соғысы мен дене температурасын өлшеп, алкогольге тест жүргізеді. Сонымен қатар жұмыскердің шағымы мен психофизиологиялық жағдайы да талданады.

Кешеннің негізгі қызметінің бірі – көз қарашығының реакциясын бағалау. Бұл шаршау, күйзеліс және тыйым салынған заттарды қолдану белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін жағдайдағы қызметкердің жұмысқа жіберілу қаупі төмендейді.

Жүйенің маңызды элементтерінің бірі – деректі жинақтау және өңдеу қызметі. Барлық тексеру нәтижесі персоналдың денсаулық жағдайын талдау үшін қолданылатын бірыңғай цифрлық базаға біріктіріледі. Бұл созылмалы ауытқуларды анықтауға, көрсеткіштердің динамикасын бақылауға және ықтимал қауіп туралы жұмыскер мен медициналық персоналды дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді.

Жүйе тек бақылауды ғана емес, профилактикалық қызметті де атқарады. Ол денсаулыққа дер кезінде назар аударуға және аурулардың даму қаупін азайтуға көмектеседі.

«АМТЖ» жүйесін енгізу адам факторынан туындайтын төтенше оқиғалар санын азайтуға, сондай-ақ үдерісті цифрландыру арқылы медициналық бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Тәжірибелік-өндірістік сынақ 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін жалғасады.

«АМТЖ» жүйесін пайдалану – кәсіпорынның еңбекті қорғаудың заманауи стандартын дамытуға, аурудың алдын алуға және өндірістік жарақаттануды болдырмауға қосқан нақты үлесі болып саналады.

Барлық жаңалықтар