МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев өзі өмірде көзімен көрген соғыс туралы айтып, шетелде жүргенінде қазақстандық болғаны ажалдан құтқарып қалғанын айтты деп жазады Democrat.kz.
Айтуынша, Сәкен Майғазиев тәу етіп, Израильдегі Әл Ақса мешітіне барған екен. Сол жерде өміріне қауіп төнген.
"Израиль әскері мұсылмандарды мешітке кіргізбей, мүмкін болса, провакация жасап, сол жерде мұсылмандарға оқ жаудыруға дайын тұрды.
Жанымда ғалым, араб тілін жетік білетін Амангелді Еренғайып бар. Сол кезде мұсылмандар мен Израиль әскерінің арасындағы қақтығысты өз көзіммен көрдім.
Елу жастан асқан кісілерді кірігзеді, ал жастарды кіргізбейді. Содан не керек, бір кезде кәдімгідей қақтығыс басталды.
Көз алдымнан бүкіл өмірім өтті. Мына жерде өліп кетсем, артымда қалатын анамды, әйелім, қыздарым мен ұлымды ойладым.
"Ясин, аяулькүрси сүрелерін оқиық, бәлкім сол кезде кіріп қалармыз" дедім Амангелді қажыға. Сонша жерден келіп, қасиетті мекенге кіре алмай қаламыз ба деп уайымдадым.
Сол жерде жастар ішке кіреміз деп көтеріліп кетті. Менде жасырын түсірген видеолары да бар. Израиль әскері қаруын кезеніп қарсымызға шықты.
"Қазақстан, Қазақстан, турист, Назарбаев" деп айғайладық. "Қазақстан, Назарбаев" дегенімізді естіген израиль әскері бізге тиіспеді. Кеудемді мақтаныш кернегені сондай, разы болдым.
Ақырында бізді басқа жағынан мешітке кіргізді", дейді Сәкен Майғазиев.
Сәкен Майғазиевтің бұл айтқандарына қатысты жұрт "сені қасиетті деген құран сүресі емес, Қазақстан, Назарбаев деген бір ауыз сөзің ажалдан құтқарып қалыпты ғой", "Қазақстаннан киелі жер жоқ екенін бұлар сонда да түсінбейді", "бұл да жартыбас болып кеткен екен ғой" дегенге саятын пікір жазуда.