Қазақстанда емханалар 100 балдық жүйемен бағаланатын болады

Қазақстанда емханалар 100 балдық жүйемен бағаланатын болады

Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалау тәртібі өзгермек. Енді медициналық ұйымның тиімділігі науқастың дәрігерге қаншалықты жылдам қабылданғанына, қажетті тексерулерден уақытында өткеніне және емдеу сапасына қарай анықталады, деп жазады Democrat.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың қызметін бағалаудың жаңа тәсілін ұсынды.

Жаңартылған стандарт бойынша емханалардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай 100 балдық жүйе қарастырылған.

Негізгі көрсеткіштердің бірі — пациенттің бейінді маманға қаралу үшін қанша уақыт күтетіні. Сонымен бірге диагностикалық зерттеулердің уақытында жүргізілуі және ауруханадан шыққан науқастың әрі қарай медициналық бақылауда болуы есепке алынады.

Жаңа жүйеде аурулардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылады.

Мысалы, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту, скринингтік тексерулердің орындалуы және сүт безі, жатыр мойны мен тоқ ішек қатерлі ісігіне күдік туған жағдайда диагностиканың дер кезінде аяқталуы бағаланады.

Пациенттердің пікірі де маңызды көрсеткіштердің қатарына енгізілмек. Адамның өз диагнозын түсінуі, емдеу жоспары туралы жеткілікті ақпарат алуы және көрсетілген көмектен кейін денсаулығында оң өзгеріс байқауы ескеріледі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, басты мақсат — емханаларды қағаз жүзіндегі есептермен емес, пациент алған медициналық көмектің нақты нәтижесімен бағалау.

Көрсеткіштер медициналық ақпараттық жүйелер арқылы тоқсан сайын автоматты түрде есептеледі.

Сонымен қатар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кіретін қызметтер азаматтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілуі тиіс. Олардың қатарында алғашқы қабылдау, шұғыл көмек, жалпы қан мен зәр талдауы, ЭКГ және флюорография бар. 

Барлық жаңалықтар