Қазақстандық қаржы сарапшылары Ұлттық банк қазан айында базалық мөлшерлемені тағы төмендетуі мүмкін деп есептейді. Сауалнамаға қатысқан мамандардың 85 пайызы 23 қазандағы шешімнен кейін мөлшерлеме 15,75–16 пайыз деңгейіне түседі деп болжаған, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы банк, сақтандыру, брокерлік және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері арасында кезекті сауалнама жүргізді.
Нәтижесінде сарапшылардың басым бөлігі Ұлттық банк ақша-кредит саясатын біртіндеп жұмсартуды жалғастырады деген пікір білдірген.
Қазір Қазақстандағы базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз деңгейінде.
Сауалнамаға қатысқандардың 85 пайызы 23 қазанда өтетін келесі отырыста оның төмендеуін күтеді. Олардың басым бөлігі мөлшерлеме 0,25 пайыздық тармаққа қысқарып, 16 пайыз болады деп болжаған.
Мұндай күтудің негізгі себебі — инфляция қарқынының баяулауы.
Бұған дейін сарапшылар алдағы 12 айдағы инфляцияны 10,4 пайыз деңгейінде болжаған еді. Жаңа сауалнамада бұл көрсеткіш 9,7 пайызға дейін төмендетілген.
Сонымен бірге қаржыгерлер бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,5 пайыз шамасында болуы мүмкін деп есептейді.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердің қаржы тарту құнын азайтып, уақыт өте несие мөлшерлемелеріне де әсер етуі мүмкін. Алайда тұтынушылық несие мен ипотеканың автоматты түрде бірден арзандайтынына кепілдік жоқ.
Ұлттық банктің нақты шешімі 23 қазанда жарияланады. Әзірге аталған көрсеткіштер — қаржы нарығы қатысушыларының болжамы.