Қазақстан мен Корея Республикасы жасанды интеллект, ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр, деп жазады Democrat.kz. сайты Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
Сеулде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Корея Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесті.
Тараптар ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты, соның ішінде озық технологиялар трансферін, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын және екі елдің білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Қазақстанда KAIST филиалын ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар бұл бастаманы жүзеге асырудың алдағы қадамдарын талқылады. Филиал жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және басқа да басым ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлауға ықпал етеді деп күтілуде.
– Қазақстан Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі. Біз үшін жасанды интеллект, технологиялар трансфері және кадр даярлау салаларындағы бірлескен жобалардың маңызы ерекше. Біз Корея мен Қазақстанның жетекші университеттері және ғылыми орталықтары арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге мүдделіміз, – деді Саясат Нұрбек.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-технологиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады және қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға келісті.