Қазақстанның инвесторлармен ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтуде – Премьер-министр жаңа Конституция туралы

Қазақстанның инвесторлармен ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтуде – Премьер-министр жаңа Конституция туралы

Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға үлкен қадам жасады. Шетелдік инвесторлармен бірлескен жұмыс басталды. "ДӨО алқабы" жобасы шеңберінде "Firebird AI" компаниясымен қыруар қаражатқа келісім бекітілді. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард долларды құрайды, деп жазады democrat.kz.

Ауқымды бастамалар Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Премьер-министр Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын ұйымдастырды. Басқосуға халықаралық іскер топтар арнайы келді. Тараптар цифрландыру саласындағы тың мүмкіндіктер мен өзара байланысты нығайту жолдарын қарастырды.

Кездесуге "Apple" компаниясының аймақтық өкілі Әділхан Қопабаев қатысты. Одан бөлек "Siemens Kazakhstan" бас директоры Дияс Асанов пен "Honeywell" компаниясының Орталық Азиядағы президенті Артур Нигматьянов келді. Халықаралық ұйымдар атынан "Baker McKenzie" серіктесі және "AmCham" Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ёрш өз ұсыныстарын жеткізді. Олар онлайн-платформаларды реттеу, киберқауіпсіздік және өнеркәсіпті цифрландыру мәселелерін көтерді. Жаңа кодексті іс жүзінде қолдану жайы да назардан тыс қалмады. Бұл сұрақтарға жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов толық жауап берді. Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов та қазіргі атқарылып жатқан нақты жұмыстарды баяндады.

Басқосуда Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт сөз алды. Оған қоса Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих пікір алмасты. Дипломат екіжақты сауда байланысының жоғары деңгейін ерекше бағалады. Бұлтты технологиялар мен трансшекаралық деректерді беру бағытындағы ашық диалогтың маңызы айтылды. Дербес ақпаратты өңдеу мәселесі де талқы таразысына түсті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Азаматтардың цифрлық құқықтары Ата заңмен қатаң қорғалады. Алдағы үш жылға жоспарланған "Digital Qazaqstan" стратегиясы қабылданды. Құқықтық базаны күшейту үшін жаңа Цифрлық кодекс күшіне енді. "Жасанды интеллект туралы" және "Киберқауіпсіздік туралы" заңдар жұмыс істей бастады. Деректер алмасуды реттеу мақсатында "Cloud First Policy" мен "Data Embassy" тетіктері іске қосылды. Бизнестің мұндай сұрақтарын Үкімет жанындағы арнайы цифрлық штаб жедел шешіп отырады.

Осы бағыттағы жұмыстар туралы Үкімет басшысы нақты пікір білдірді: "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық."

Шетелдік инвесторлар үшін еліміздегі саяси тұрақтылық өте маңызды. Олжас Бектенов жиналғандар назарын бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға бұрды. Негізгі заңда жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзімі нақты бекітілген. Бұл қатаң ереже Президентке, Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларына, Жоғарғы Соттың төрағасы және Бас прокурорға қатысты қолданылады.

Премьер-министр жиында мынадай мәлімдеме жасады:

"Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті әрі Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт Жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен қатар 1-ші шілде күні жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси тұрпатын қалыптастыру процесі басталды. Жаңа заң шығарушы орган Құрылтай сайлауы тағайындалып, жаңа жоғары консультативтік орган Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды. Сондай-ақ Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Конституциялық Сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты конституциялық норманы қолдану жөнінде түсіндірме берді. Олардың қатарында Президент, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Сот Төрағасы және Бас Прокурор бар. Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1-ші шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселелерді күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып табылады. Президенттік реформалардың жұртшылық тарапынан жаппай қолдауға ие болып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, ел азаматтарының 87%-дан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді. Бұл халқымыздың жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нақты нәтижесін шын мәнінде сезініп отырғанын көрсетеді. Президенттің саяси бағытына деген қоғамдық қолдау реформаларды алдағы уақытта да табысты жүзеге асырудың маңызды факторы болып табылады. Осылайша, жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Құрметті әріптестер, жаңа Конституция аясында Сіздермен арадағы қарым-қатынасымыз да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін."

Жиын соңында Үкімет басшысы Қазақстанның шетелдік қаржы үшін қашанда ашық әрі тұрақты мемлекет болып қалатынын ескертті. Үкімет инновациялық инфрақұрылымды дамытуға барынша күш салады. Пайдаланушылар қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету басты назарда болады. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған барлық ұсыныстарды мұқият зерттеп, оны алдағы жұмыс барысында қолдану тапсырылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар