Қазақстан мектептері жаңа оқу жылының басына қарай жаңа оқулықтарды ала алмай қалуы мүмкін. Қоғам белсенділері мен сарапшылар дабыл қағып жатыр: Оқу-ағарту министрлігі кітаптарды сатып алу, басып шығару және жеткізу процесін бастайтын негізгі бұйрықты әлі күнге дейін бекітпеген, деп жазады Democrat.kz. сайты 31 арнаға сілтеме жасап.
Білім беру саласының сарапшысы Гүлнар Омарованың айтуынша, өткен жылдары мұндай құжат көктемде — наурыз немесе сәуір айларында қабылданатын. Биыл шілде айы болса да, бұйрық әлі шыққан жоқ. Оның үстіне, өңірлік бюджеттерде әдебиеттерді сатып алуға қаражат қарастырылып қойған.
«Барлық өңірдің бюджетіне сатып алуға қаражат заңдастырылды, бірақ бұйрық болмағандықтан, әкімдіктердің заңды негізі жоқ. Олар оқулықтардың нақты қандай тізбесін сатып алу керектігін білмейді. Салдарынан тендерлер жарияланбады, баспалар басып шығаруды бастамады, ал логистикалық компаниялар кітаптарды мектептерге, әсіресе шалғайдағы ауылдық аудандарға жеткізіп үлгермей қалуы әбден мүмкін», — деп түсіндірді Омарова.
Кешігудің себебі неде?
Бұған дейін осы жағдайға қатысты Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева пікір білдірген болатын. Оның мәліметінше, кешігу ауқымды тексеріске байланысты туындаған: оқулықтардан 7 000-нан астам қате табылған.
Осыған байланысты кестелер шегерілді. Жоспар бойынша:
-
3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтарды мектептер 30 тамызға дейін алуы тиіс;
-
4 және 9-сыныптар үшін — 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін;
-
8-сыныптар үшін — 2027 жылғы 1 сәуірге дейін.
Оқу-ағарту министрлігі не дейді?
Жауапты ведомство жағдай бақылауда екенін және құжатты әзірлеу жұмыстары аяқталып қалғанын алға тартады.
«Бұл бұйрық қазір қаралып, бекітілу үстінде, жақын арада шығады. Біз баспалармен және ғылыми-практикалық орталықпен бірлесіп мәселені пысықтап жатырмыз. Иә, биыл барлық ескерту мен қателерді толық жою үшін әдейі сәл көбірек уақыт бердік», — деп мәлімдеді Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Сейфулла Смайылов.