Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамнан тұратын бір отбасыны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев соттағы соңғы сөзін сөйледі, деп жазады Democrat.kz. сайты Politico.kz-сілтеме жасап.
Сотта тараптардың жарыссөзі басталып, прокурорлар айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуді сұрады. Сұлтан Сәрсемалиев өз қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.
Сотқа соңғы сөзін арнаған Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айыруды қоса алғанда, кез келген жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол бұл ауыр қылмыс пайдакүнемдік ниетпен жасалды деген айыптау тұжырымымен келіспейтінін жеткізді.
«Өз қолыммен жасаған іске басыммен жауап беруге дайынмын. Мен тергеуден қашқан жоқпын, әділдік алдында жауапкершіліктен де қашпаймын. Өмір бойына бас бостандығынан айырылуға дайынмын. Бірақ оларды ақша үшін немесе басқа қылмысты жасыру үшін өлтірдім деуге ешқашан тілім бармайды», — деді сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев.
Айыпталушының айтуынша, қылмыс пайдакүнемдік ниеттен емес, қаза тапқандармен арадағы жанжал негізінде жасалған.
«Олардың әрқайсысы бұған итермеледі, менің намысым мен қадір-қасиетімді таптады. (...) Не істегенімді өзім білемін және оған өзім жауап беремін. Мұны өмір бойы өтеуге дайынмын», — деп мәлімдеді айыпталушы сотқа арнаған соңғы сөзінде.