Қазақстандықтардың табысы номиналды ғана емес, нақты мәнде де артты

    Қазақстандықтардың табысы номиналды ғана емес, нақты мәнде де артты

Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс 252,6 мың теңгеден асты деп жазады Democrat.kz.

2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары.

Осы кезеңдегі тұтыну бағалары индексі 11,7% болғанын ескерсек, халықтың нақты ақшалай табысы 0,1%-ға өсті.

Ең жоғары жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы тұр – 353 036 теңге.

Өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында (19,1%) және Қарағанды облысында (16,4%) байқалды.

Халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 21 қыркүйектегі №214 бұйрығымен бекітілген әдістемеге сәйкес есептеледі.

Көрсеткішті есептеу кезінде жалдамалы жұмыстан түсетін табыс (жалақы), өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс, әлеуметтік төлемдер, өзге де ақшалай кірістер және халық саны туралы статистикалық әрі әкімшілік деректер біріктіріліп, бір адамға шаққандағы орташа көрсеткіш анықталады.

Халықтың атаулы ақшалай табысы жыл басынан бергі жинақталған қорытындымен ай сайын республика бойынша, ал тоқсандық және жылдық көрсеткіштер республика және өңірлер бөлінісінде есептеледі.

Орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысты есептеу мынадай кезеңдерді қамтиды:

  • жалдамалы жұмыстан түсетін атаулы табысты есептеу;
  • еңбекақыны жасыру деңгейіне түзету коэффициентін есептеу;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табысты есептеу;
  • халыққа төленген ағымдағы трансферттерді есептеу;
  • өзге де ақшалай табыстарды есептеу;
  • жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысты есептеу;
  • атаулы және нақты ақшалай табыс индекстерін есептеу.
Барлық жаңалықтар