"Қазақтар, бізге не болды?" деген Ермұхамет Ертісбаев мәлімдеме жасады

"Қазақтар, бізге не болды?" деген Ермұхамет Ертісбаев мәлімдеме жасады

Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) съезінде Саяси кеңес мүшесі Ермұхамет Ертісбаев саяси оппоненттерін аяусыз сынға алды. Айтуынша, кейбір партиялар корпоративтік лоббизммен айналысып, құр даурықпамен жүр, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  tiek.kz.-ке сілтеме жасап. 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құзыреті де жоғары, кәсіби аппараты мен қомақты ресурстары да жеткілікті. Президент Тоқаев жыл сайын кәсіпкерлермен үш-төрт рет тұрақты түрде кездесу өткізіп, шағын және орта бизнесті қолдау туралы шешімдер қабылдап, инвестиция тартуға жағдай жасап келеді.

Олай болса, бүгінде бизнесті мемлекет пен Президенттен артық кім қорғай алады? Сондықтан, тек бизнестің мүддесін қорғау үшін ғана саяси партия құру — қоғамдық саясатты корпоративтік лоббизммен алмастыру деген сөз», — дейді Ертісбаев «Ақжол» мен «Республика» партияларының бірін меңзеп.

Сондай-ақ Ауыл партиясының адресіне бағыттап біраз сын айтып өтті. Ертісбаевтың ойынша, бұл партия іс жүзінде мемлекеттік субсидия алушылардың мүддесін қорғайтын топ. «Олар сөз жүзінде ауыл тұрғындарының мүддесін қорғайтынын мәлімдегенімен, іс жүзінде агробизнестің тар шеңбердегі шағын тобының, яғни мемлекеттік субсидияларды негізгі алушылардың мүддесін лоббилеп отыр.

Партиялық тізімдерден шопандарды, ветеринарларды, ауыл мұғалімдері мен механизатордарды таба алмайтыныңызға жүз пайыз сенімдімін. «Біз тек ауыл тұрғындарының мүддесін қорғаймыз» дегенді оқығанда: «Бұл жерде жалпы идеология қайда?» деген сұрақ туады», — дейді ол. Осылай деп атап өткен ол Халық партиясының жалғыз-ақ лайықты қарсыласы бар екенін ашық айтты. «Иә, Халық партиясының жалғыз ғана нақты, мықты бәсекелесі бар, ол — «Әділет». Бұл — құрамына мықты кадрлар, тәжірибелі басшылар мен кәсіби менеджерлердің жаңа толқыны жиналған саяси күш. Мен Айбек Дәдебаевты көптен бері танимын және оның Президент Әкімшілігінің басшысы ретінде Қазақстанда көппартиялықты дамытуға, саяси партиялар институтын нығайтуға нақты үлес қосқанын, бізге де қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Алайда, мені жаңа партиялардың тоқтаусыз құрылуы емес, басқа нәрсе мазалайды. Бұл — халық үшін әрдайым қасиетті болған сөздерге тым жеңілтек қарау. Алдымен «Отан» болды, кейін «Нұр Отанға» айналды, содан соң өткен ұрпақтан қалған аманат, сенім деген мағынаны білдіретін «Аманат» болды. Бірақ бұл атаулар дүкеннің маңдайшасын ауыстырғандай тез жоғалып кетеді. Жаңа атау пайда болады да, бұрынғысы тарих қойнауына кетеді. Сонда біз өз тарихымыздан ұяламыз ба? «Не болып жатыр өзі?» деген заңды сұрақ туады. Сөздің қадірін ұғудан қалдық па? Қазақтар, бізге не болды? Неге ата-бабадан қалған қасиетті сөздерімізді, киелі ұғымдарымызды өз қолымызбен ұмыт қалдырып жатырмыз?», — деп атап өтті Ертісбаев партия сиезінде.

Барлық жаңалықтар