"ҚМЖ дауы": Сапалы білім – есеп үшін емес, баланың болашағы үшін берілуі керек

"ҚМЖ дауы": Сапалы білім – есеп үшін емес, баланың болашағы үшін берілуі керек
Педагогтар арасында біраз уақыттан бері жүріп жатқан "ҚМЖ дауына" қатысты білікті маман, үздік педагог Ақмарал Шатемірқызы да өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz. 
 
"2000-2026 жылдар аралығында Қазақстанда білім саласында 12 министр ауысты. Әр министр өз реформасын бастады, бірақ ешқайсысы оны толық аяқтап, 11 жылға арналған тұрақты бағдарламаны соңына дейін жеткізе алмады.
 
Соның салдарынан білім жүйесі жиі өзгерді, мұғалім де, оқушы да үнемі жаңа талапқа бейімделумен келеді. Шаршау, күйзеліс, алаңдау, сынау – бәрі осында.
12 жылдық білім жүйесін енгіземіз деді – ол да толық іске аспады. Ең өкініштісі, енгізілген бағдарламалардың нақты нәтижесі қалай өлшенді, оның тиімділігі қандай болды – бұл туралы ашық әрі тәуелсіз талдау аз.Сапалы білім. Сапалы білім деген не?
 
Ол тек «екі» қоймаумен немесе қағаз жүзіндегі жақсы мониторингпен өлшене ме? Әлде баланың пәнге қызығуы, еркін ойлауы, кітап оқуы, ізденуі арқылы ма?
 
Сапалы білім – есеп үшін емес, баланың болашағы үшін берілуі керек. Ол үшін тұрақтылық, нақты жоспар және шынайы бағалау қажет.
 
Енді ҚМЖ мәселесі неге шешілмей, дауға айналып кетті.
Себептерін қарап көрейікші.
Біріншіден, ҚМЖ жазуға қажет жағдай толық жасалған жоқ. Білім саласына қаншама қаржы бөлінді дейді. Бірақ сол қаражат мұғалімнің күнделікті жұмысына жетті ме? Мұғалімдер бөлмесінде жеткілікті А-4 қағазы, принтер, сия бар ма? Бұл мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ.
 
Көп мектептерде мұғалімдер бөлмесі де жоқ. Бақылаушылар немесе жиі жүретін комиссия соған мән бере ме? Білім саласын бақылайтын құрылымның өзі министрлікке қарайды? Бұл дұрыс па?
 
2. Қағазбастылықтан арылып, «электронды ҚМЖ болса болды» деді. Бірақ қаншама жыл өтсе де, ҚМЖ-ның бірізді, нақты, түсінікті шаблоны да қалыптаспады.
 
Мұғалім «жаз деді», «оқушы жазды» деген бағандар қисынсыз талаптарға айналып кетті.
Үшіншіден, кітаптағы қателіктер де мұғалімдерді күйзелтті. Қателіктерден басқа, оқулық мазұмны мен оқу бағдарламасы мақсаттарының бір-бірімен сәйкес келмеуі де осындай дау-дамайға әкелді.ҚМЖ не үшін керек? ҚМЖ– оқу мақсатын нақтылау үшін, сол мақсатқа сай сабақ мақсатын қою үшін, мақсатқа жету жолдарын белгілеу үшін және нәтижесін белгілеп отыру үшін қажет құрал.
 
Яғни, ҚМЖ 3 қана сұраққа жауап беруі керек:
* cабақта нені меңгертемін? (үлгілік оқу бағдарламасында берілген оқу мақсатына сай)
* қалай меңгертемін (қандай әдістер қолданасыз)?
* оқушының меңгергенін немесе меңгермегенін қалай білемін?
 
ҚМЖ-ны бағыт беруші құрал десек, бір парақ та жеткілікті. Ал мұғалімнің шығармашылығын шектемеу керек, жазған ҚМЖ-сын кеңейтіп презентацияға айналдырса, құптарлық. ҚМЖ – кедергі емес, бағыт беретін құрал болуы тиіс.
 
ҚМЖ – міндетті құжат. Бірақ күн сайын өзгерту міндетті емес. Егер мұғалім кешегі жазылған ҚМЖ-ны бүгін қайта қолданамын десе, яғни қайталау немесе кешегі түсінбей қалған тақырыпты толықтыра түсіндіру.
 
 Кейде бжб алып жатсаң, бжб-ның жоспарын сұрау – асыра сілтеушілік. Сонда шаблонға «Мұғалім БЖБ берді», «оқушы БЖБ жазды» деп жазу өте маңызды ма?"дейді Ақмарал Шатемірқызы. 
Барлық жаңалықтар