"Қыз Жібек" фильміндегі тартыстар мен камзол туралы біз білмейтін құпиялар қандай?

"Қыз Жібек" фильміндегі тартыстар мен камзол туралы біз білмейтін құпиялар қандай?
Қазақ қоғамында "Қыз Жібек" киген камзолдың Баян Алагөзовада жүргені қызу талқыға түсіп жатқанда, танымал журналист Ораз Әлімбеков тарихи фильмге қатысты кей оқиғалар туралы тарихтан тарқатып, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
«Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихына үңілсем, актриса Меруерт Өтекешова киген камзолдың Баян Алагөзовада болуының себебі бар екен.
 
Экран сыртында қазақ-совет бюрократиясынан әбден теперіш көрген фильм режиссері Сұлтанахмет Қожықов пен қоюшы-суретшісі Гүлфайрус Исмаилованың ескерілмеген ерен еңбегі қалды. Басқа киім-кешекті қолөнер шеберлері жасаған шығар, бірақ Меруерт Өтекешева киген киімді Гулфайрус көз майын тауысып өзі тіккен... Гәп түсінікті болу үшін әңгімені сәл арыдан бастайық.
 
«Алаш» қайраткерлерімен етене араласқан Қоңырқожа Қожықовтың төрт ұлы болды: Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет пен Сұлтанахмет.
 
Үшеуі суретші, Нұрахмет мүсінші еді. Қоңырқожа мен оның үлкен ұлы Қожахмет сталиндік репрессияға ұшыраған... Киноға жақын болған Құлахмет пен Сұлтанахмет.
 
«Қыз Жібек» фильміне дайындық кезеңінде ағайынды екеу келісе алмады. Әйтпесе суретші Құлахмет «Қыз Жібектің» сюжеттерінің эскизін сыза бастаған. Құлахмет інісіне ақшаны үнемдеуге, «Қыз Жібекті» де «Алдаркөсе» сияқты жұпыны түсіре салуға кеңес берді. Сұлтанахмет «қазақтың тұрмыс-салт мәдениеті жақсы болған, қолөнері бай, соның бәрін фильмде көрсетуіміз қажет» деп қарсы тұрды. Мұның Мәскеуге ұнамайтыны белгілі жайт. Әкесі мен ағасының тағдырын білетін Құлахмет інісін Мәскеудің ұлттық өнерге қырын қарайтын саясатынан сақтандырғысы келген шығар. Ол кезде түрлі-түсті таспа тапшы, соған қарамай Сұлтанахмет фильмде қазақ қолөнерін барынша әдемі қылып көрсету үшін түрлі-түсті таспамен түсіремін деп, айтқанынан қайтпай тұрып алды.
 
Фильм бюджеті шектеулі, таспаны үнемдеу үшін режиссер әртістерге ұзақ репетиция жасатқызып, бір дубльмен түсіруге мәжбүр болды.
 
 Құлахметпен арадағы көзқарас қайшылығына байланысты Сұлтанахмет фильмге қоюшы-суретші ретінде Гүлфайрус Исмаилованы алды...
 
Фильм бюджеті шектеулі болғандықтан, Гүлфайрус та кейбір киімдерді өзі тікті, өзі әшекейледі, тіпті фильмде Жібек анасының рөлін ойнады. Қысқартып айтсақ, фильм бюджетінің түгелге жуығын американдық түрлі-түсті таспаға, қымбат реквизиттер мен декорацияға жұмсаған Сұлтанахмет пен Гүлфайрус жартымды жалақы алмады.Сұлтанахмет Қожықовтың бір арманы "Қыз Жібек" фильміндегі соғыс сюжетіне мыңдаған ат қатыстырмақ болған. Мәскеуден нұсқау алып Ұлы далада "коммунизм құрып жатқан" қазақ-совет шенеуніктері фильмде 15 ат қана болауы тиіс деп шектеу қойған. Көп қазақты атқа мінгізсе жылқы мінезді қазақтың рухы көтеріліп кетеді деп қорыққан ғой. Осындай және басқа да шектеу Сұлтанахметтің көңілін құлазытты, жүрегіне қаяу түсірді, ауырып қалды.
 
Өнер адамына мұндай шектеу, ойға алған ісін жүзеге асыра алмау ауыр соққы. «Қыз Жібектің» бірінші сериясы түсіріліп біткен кезде Сұлтанахмет жүрек ауруына шалдықты.
 
Екінші серияны бітіргеннен кейін ауруы асқынып, ауруханада ұзақ жатты... Фильм композиторы болған Нұрғиса Тілендиев «Қайран Сұлтан, көп арманын орындай алмады. Елі үшін, елінің болашағы үшін жанын сала еңбек ете жүріп өмірден өтті...» деп жазған.
 
Кезінде Сұлтанахметтің «Қыз Жібегіне» - қазақ өнеріне қырын қараған қазақ-совет шенеуніктері Гүлфайрус жасаған фильм реквизиттерін де керек қылмады. Әйтпесе, қаржы бөліп, қолөнер авторларына тиісті гонорарын төлеп экспонат ретінде жақсы сақталатын мұражай ұйымдастыру қажет еді. Бұл дүние-мүлік жай ғана фильм ревизиттері емес, білдей бір халықтың мәдениеті ғой. Мәдениет саласына жауапты шенеуніктердің немқұрайлығын түсінген Гүлфайрус та жан-дүниесінен суырып алған жіппен кестелегендей «камзолын» бергісі келмеді, өмірінің соңына дейін өзінде сақтады...
 
Міне, сол камзол Баян Мақсатқызында екен. Мұны марқұм Гүлфайрус ханымның дұрыс таңдауы деп түсінген жөн.
 
Баян Мақсатқызы өнерді түсінеді, ол қазақ өнерінің шынайы жанашыры, оны көріп отырмыз. Күйеуі Тұрсын Алагөзовке «бәленбай карат бриллиант әпер», «үш мезгіл Дубай шоколадын жейім» деп наз айтып жатқан ол жоқ.
 
 Есік алдына жасаулы алты қанат киіз үй тіктірді, үйіне сырмақ, текемет сияқты қазақтың қолөнер бұйымдарын жинап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Баян Мақсатқызы қазақтың аласапыран кезеңде шашылып қараусыз қалған мәдени құндылықтарына жанашырлық танытудың, сақтаудың үлгісін көрсеткен, қазақ мәдениетінің ұлылығын паш еткен Гүлфайрус бен Сұлтанахметтің бүгінгі жалғасы.
 
Сондықтан «Қыз Жібектің» камзолы секілді тарихи-мәдени жәдігерлердің өнерді түсінетін, өнердің құнын білетін және оны көзінің қарашығандай сақтай алатын үкімет қалыптасқанша Баян Мақсатқызындай азаматта болғаны дұрыс.
 
Оның үстіне, Баян камзолдың репликасын жасап, 600 данасын тіктіретінін мәлімдеді. Кез кез қыз-келіншектің гардеробында мұндай камзолдың болуын армандайтыны даусыз. Сондықтан бұл бизнес қана емес, қазақ қолөнерін дамыту, насихаттау және бүгінгі тұрмыс-тіршілігімізге қайта енгізуді көздейтін ұлы бастама.
 
Қазақстанның өнері мен медиасы саласында Баян Алагөзованың қызметіне, мінез-құқына, өміріне қатысты әр түрлі пікір айтылады. Біреулер мақтайды, біреулер жақтырмайды. Әркімнің өз пікірі болуына қақысы бар екені түсінікті. Бірақ оның қазақтың өнерін, мәдениетін жаңғыртуға, дамытуға үлес қосып, жастарда ұлттық киім-кешек, әшекей, киіз-текемет және т.с. сияқты бұйымдарына қызығушылық туғызып отырғаны даусыз. Мысалы, тіпті советтік кездің өзінде еліміздің оңтүстік-батыс өңірлерінде үйдің жанынан киіз үй тіктіру әдеті болған. Бертін келе бұл тамаша дәстүр жойылғандай болды.
 
Қазір Баянның үйінің жанында сән-салтанатты киіз үй тіктіруі елімізде трендке айналатыны анық. Жалпы кез келген істе мінез керек, мінезсіз ұлы шаруа жасау қиын. Мұндай мінез Еуразия амазонкалары деп аталып кеткен Қазақ даласының қыздарына тән болған шығар. Баянды сол қыздардың бір деп білейік.
Барлық жаңалықтар