Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңындағы жобалармен танысты

Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңындағы жобалармен танысты

«Қазақмыс» корпорациясының Балқаш өндірістік алаңында өндірістік қуатты арттыруға және өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Компанияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапары барысында өңірдегі өндірістік нысандардың қазіргі жағдайымен танысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарларын қарастырды.

Жоспарланған шаралар аясында бірнеше кәсіпорында өндірістік және гидротехникалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, байыту фабрикасының ұсақтау цехындағы №9 ауыстырып тиеу торабы жөнделіп, қалдық сақтау қоймасының бөгеті көтерілді. Алдағы уақытта бөгетті кеңейтудің екінші кезеңі іске асырылмақ.

Сонымен қатар өндірістік қуатты арттырумен қатар көлік және технологиялық инфрақұрылымды дамытуға да назар аударылып отыр. Осы мақсатта 18 ашық вагонға арналған жылыту жүйесі бар жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Бұл концентрат тасымалын үздіксіз жүргізуге және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Ванюков пешіне көмір тозаңын жеткізудің жаңа жүйесін енгізу қарастырылып отыр. Бұл жоба шикізатты өңдеудің технологиялық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.

Сапар қорытындысында Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңының дамуы үшін өндірістік базаны жетілдіру, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру басты бағыт болып қала беретінін атап өтті.

Барлық жаңалықтар