Тесттен құлаған мұғалімі бала оқытқан елдің ертеңі қалай болмақ?

Тесттен құлаған мұғалімі бала оқытқан елдің ертеңі қалай болмақ?
Жаңа министр келіп, білім саласында ақырындап басталған реформаларға қатысты танымал ұстаз, белсенді педагог Айгүл Жұмаділ пікір білдіріп, көптің көкейіндегі келелі мәселелерді айтты деп жазады Democrat.kz.
 
"Білім саласында тағы да реформа ма?
Жұлдыз Сүлейменова - Қазақстан тәуілсіздік алғаннан бергі уақыттағы білім саласының, оның ішінде орта білім беру саласының 17-министрі.
 
Жаңа министр - жаңа реформа…
“Бұл қу бас не көрмеді?” демекші, бұл мұғалімдер не көрмеді?!
 
Алдыңғы министрдің реформасын түсінбей жатып, жаңа министрдің реформасының қайнауына түсті. Бастары қазан, милары атала болды. Оқулықтың олқылығы, бағдарламаның шикілігі, бағыттың бұлдырлығы - білім сапасының төмендеуіне әкеліп соқты. Жалт беріп, шалт қимылдаймыз деп “аттан құладық”.Ыбырай, Ахметтердің әр шәкіртінен тұлға туғызған ұлы мектебі қайда?Біреудің қаңсығын таңсық көрдік.
 
Кез-келген салаға эксперименттер керек те, бірақ мектепті сынақ алаңына, оқушыны “тәжірибе жасайтын тышқанға” айналдырудың керегі жоқ.
Бұл - өте нәзік, өте күрделі сала.
 
Екі күннен бері мұғалімдерді аттестациялау шарттары шу болып жатыр.
 
19 жасымнан мектепте қызмет істеп келем. 28 жыл мұғалімдік еңбек өтілім бар. Осы уақыт ішінде көзбен көріп, көңілге түйгенім: тест тапсыру, портфолио жинау, шоу сабақтарын өткізу ешқандай мұғалімнің білімін де, шеберлігін де анықтайтын шара, білім сапасын көтерудің жолы емес.Тесттен құлап қалған мұғалімнің мектептен шыққанын көрмедім. Есесіне тестті сатып алған, мадақтаманы сатып алған, авторлықты сатып алған мұғалімдерді көрдім.
 
Біліміне күмән, шеберлігіне шек жоқ, бірақ тесттен өтпей қалған апайларды, ағайларды көрдім.
 
Он бес баланы меңгере алмаған зерттеушіні, отыз баланы шыр айналдырған модераторды да көрдім.
1040 көрнекілік пен 1040 әдіс-тәсіл қолданып мақсатына жете алмаған мұғалімді, қара тақта, ақ бормен-ақ білімді баланың басына құйып тастай алатын мұғалімді де көрдім.
 
Демек мәселе мұғалімді аттестациялауда емес, педагогикалық оқу орындарында шынайы мұғалімдік қабілеті бар мамандарды даярлауда, мектеп басшысының үйретушілік қабілеті бар әрі білімді, әрі шынайы шебер маманды таңдай алуында.
Басшы мен мұғалімнің академиялық адалдығында.
Басқаның бәрі - құры даурықпа әңгіме.
Жыл сайын педмамандық алып шығып жатқан мыңдаған мамандардың неше пайызы мектепте мұғалім болып жүр, анығын білген адам бар ма?
 
Шегі жоқ реформа, бағыты белгісіз бағдарлама, біліксіз басшы, бітпейтін қағаз, кеңірдектен алған ата-ана, басқа секірген бала…
 
Мектеп бүгінгі мұғалімнің жанкешті майдан алаңына айналды.
 
Бүйте берсек аз жылда мектептен дені дұрыс мұғалім таппай қаламыз.
 
Менің ұсынысым: жемқорлыққа жол бермейтін, мұғалімнің еңбегін шынайы бағалайтын, қоғамдағы мұғалім мәртебесін ескеретін оптималды жоспар дайындамайынша, министрлік өзі таңдап қойған директорларының адалдығына сеніп, мұғалімдердің еңбек өтіліне қарай үстемақы төлеуі дұрыс болады деп санаймын", деп жазды Айгүл Жұмаділ әлеуметтік желідегі парақшасында. 
Барлық жаңалықтар