"Тұтас білім саласы ұтылады": Танымал заңгер билікте отырғандарға үндеу жасады

"Тұтас білім саласы ұтылады": Танымал заңгер билікте отырғандарға үндеу жасады
Бірнеше күннен бері қазақстандық әлеуметтік желілер Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен жазылған шағымға қатысты толассыз пікір алаңына айналды. Бір емес, бірнеше тарап, бірнеше топ болып өзара айтысып жатқан жұрттың кейбірі тіпті өзара айтысып-тартысып, кейбірі жеке басқа артық сөз айтуға дейін баруда. Осы мәелеге байланысты заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі Қайрат Айтбаев ресми үндеу жасады деп жазады Democrat.kz. 
 
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Склярдың,
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің назарына!
ҮНСІЗДІК – ҚАУЕСЕТТІҢ СЕРІГІ: ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ МЕМЛЕКЕТКЕ НЕНІ АҢҒАРТАДЫ?
 
Мемлекетті әлсірететін қауіп әрдайым экономикалық дағдарыс немесе сыртқы қысымнан басталмайды. Кейде оның бастауы – биліктің үнсіздігі.
Соңғы күндері Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қатысты әлеуметтік желілерде өрбіген дау соның айқын мысалына айналды. Әуелде жекелеген жазбалардан басталған пікірталас біртіндеп ұйымдасқан ақпараттық текетіреске ұласып, қоғамды бірнеше лагерьге бөліп жіберді.
 
Ең өкініштісі – бүгінгі талқылаудың негізгі өзегі нақты дерек емес, белгісіз дереккөздерден тараған ақпараттар мен олардың айналасындағы болжамдар болып отыр.
Бұл жерде мәселе бір министрдің тағдырында емес. Мәселе – мемлекеттік институттардың қоғаммен сөйлесу мәдениетінде.
 
АҚПАРАТТЫҚ ВАКУУМ ЕШҚАШАН БОС ТҰРМАЙДЫ
 
Ақпарат саясатындағы бұлжымас қағида бар: ресми ақпарат кешіккен сайын оның орнын қауесет басады.
 
Бүгінде әлеуметтік желілерде «министрлік қызметкерлері жазған арыз», «ішкі наразылық», «кадрлық шешімдер» жөнінде сан түрлі нұсқа жүр. Бірі оны абсолютті ақиқат ретінде қабылдайды, енді бірі жалған ақпарат деп жоққа шығарады.
Бірақ мемлекеттік органдардың нақты әрі уақтылы түсіндірмесі жоқ.
Ал үнсіздік – қауесеттің ең сенімді серігі.
 
Мемлекеттік басқару жүйесінде үнсіздік ешқашан бейтараптық болып саналмайды. Керісінше, ол қоғамды түрлі болжам жасауға итермелейді.
Сондықтан Президент Әкімшілігі мен Үкімет бұл мәселеге ресми түсініктеме бергені жөн ғой деп есептеймін. Өйткені бүгін әңгіме бір министр туралы емес. Әңгіме мемлекетке деген сенім туралы.
 
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СОТ
 
Қазір әлеуметтік желілердің тағы бір қауіпті құбылысы байқалады. Онда дәлелденген шындық емес, көп лайк жинаған пікір үстемдік етеді. Бүгінде кез келген адам тергеуші де, прокурор да, судья да болып кеткендей. Бір жазба жарияланады. Артынша жүздеген парақша оны көшіріп таратады. Мыңдаған пікір жазылады.
 
Сөйтіп ешқандай құқықтық рәсімсіз-ақ қоғамдық үкім шығып үлгереді. Бұл – цифрлық дәуірдегі ең қауіпті тенденциялардың бірі. Ақпараттық шабуылдың басты ерекшелігі – оның жылдамдығында емес, адамдардың эмоциясын басқаруында.
 
ҚОҒАМ НЕГЕ ҮШКЕ БӨЛІНДІ?
 
Бұл оқиға әлеуметтік желінің қоғамды қалай жіктейтінін де анық көрсетті.
Бірінші топ – кез келген пікірталасты жеке басқа шабуылға айналдыратындар. Олар адамның айтқан ойын емес, өзін жоққа шығаруға тырысады. Дәлелдің орнына - келемежді, пікірдің орнына мазақты таңдайды.
 
Екінші топ – қоғамдық пікірдің желіне қарай бағыт өзгертетіндер. Кеше қатты сынаған адамын бүгін жақтайды немесе керісінше. Ұстанымнан гөрі жағдайға бейімделу басым.
 
Үшінші топ – мәселенің мәніне емес, оның айналасындағы эмоциялық, идеологиялық немесе діни реңктерге көбірек назар аударатындар. Ал осы шудың ортасында ең маңызды сұрақ тасада қалып отыр. Жұлдыз Сүлейменова министр ретінде қандай жұмыс атқарды?
 
АЙҚАЙ ЕМЕС, НӘТИЖЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК
 
Министрді мақтау да, сынау да - қалыпты құбылыс. Мемлекеттік қызмет қоғамдық бақылаудан тыс қалмауы тиіс. Бірақ бағалау өлшемі әлеуметтік желідегі шу емес, нақты нәтиже болуы қажет. 
 
Соңғы бір жылға жуық уақытта білім саласында мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, басқару жүйесін цифрландыруға, білім сапасын арттыруға және саланың ашықтығын күшейтуге бағытталған бірқатар бастамалар қолға алынды. Әрине, олардың барлығы мінсіз деп айтуға болмайды. Кемшілік те бар. Шешілмеген мәселе де жеткілікті.
 
Бірақ кез келген реформаны бағалау оның нәтижесі арқылы жүзеге асуы тиіс.
Эмоция арқылы емес.
 
МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҮШІН САБАҚ
 
Бұл жағдайдан шығар ең үлкен қорытынды – мемлекеттік коммуникацияны түбегейлі қайта қарау қажеттігі. Қазір ақпараттың жылдамдығы мемлекеттік шешімдердің жылдамдығынан асып түсті. Ал мемлекеттік коммуникация бұрынғы бюрократиялық тәсілмен жұмыс істеп келе жатқандай әсер қалдырады.
 
Нәтижесінде ресми мәлімдеме шыққанша, әлеуметтік желі ондаған нұсқа жасап үлгереді.
Бұл басқару жүйесі үшін өте қауіпті. Өйткені мемлекеттік беделді әлсірететін ең күшті құралдың бірі – ақпараттық бейберекеттік.
 
ҚЫРКҮЙЕК ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ...
 
«Қыр астында – қыркүйек» дейді қазақ. Жаңа оқу жылы басталады. Мұғалімдерді әлеуметтік желідегі айқай емес, мектептің дайындығы, оқу бағдарламасы, оқулықтың сапасы, кадр мәселесі және білімнің нәтижесі алаңдатады.
 
Ата-ананы да қызықтыратыны – осы. Сондықтан бүгінгі басты тақырып кімнің кімге не жазғаны емес. Баланың болашағы. Егер біз әрбір реформаны әлеуметтік желідегі эмоцияның құрбанына айналдыра берсек, ұтылатын – бір министр емес. Ұтылатын – тұтас білім жүйесі.
 
МЕМЛЕКЕТ ҮНСІЗ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК
 
Президент бірнеше рет «Әділетті Қазақстан» құру туралы айтты. Әділеттің ең басты шарты – ашықтық. Ашықтық жоқ жерде сенім болмайды. Сенім жоғалған жерде қауесет көбейеді.
Қауесет үстемдік еткен қоғамда ақпарат емес, эмоция билейді.
 
Сондықтан Президент Әкімшілігі мен Үкімет бұл мәселеге құқықтық әрі институционалдық тұрғыдан ресми баға беруі тиіс! Бұл бір лауазымды тұлғаны қорғау үшін емес.
Бұл мемлекеттік институттардың беделі мен қоғамның ақпаратқа деген сенімін қорғау үшін қажет. Өйткені бүгінгі дау ертең басқа министрдің, басқа әкімнің немесе басқа мемлекеттік органның төңірегінде қайталануы мүмкін.
 
Егер әр жолы мемлекет үнсіз қалатын болса, онда қоғамдық пікірді ресми ақпарат емес, әлеуметтік желідегі алгоритмдер қалыптастыратын болады. Ал бұл – құқықтық мемлекет үшін ең қауіпті үрдістердің бірі. Соңында бір ғана сұрақ қалады. Біз мемлекеттік саясатты ресми шешімдер арқылы жүзеге асырамыз ба, әлде әлеуметтік желідегі эмоциялар арқылы ма?
 
Осы сұраққа берілетін жауап – тек Жұлдыз Сүлейменоваға қатысты жағдайдың емес, Қазақстандағы мемлекеттік басқару мәдениетінің де деңгейін айқындайды.
 
Құрметпен, Қайрат АЙТБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі.
Шымкент қаласы.
Барлық жаңалықтар