Қазақстанда жылжымайтын мүлік пен жер телімі бар жеке тұлғалар 2025 жыл үшін есептелген мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеуге тиіс. Мерзім өткеннен кейін берешекке өсімпұл есептеле бастайды, деп жазады Democrat.kz.
Мемлекеттік кірістер органдары мүлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуына санаулы күн қалғанын еске салды.
Төлем пәтер, жеке үй, саяжай, гараж, автотұрақ орны және салық салынатын басқа да жылжымайтын мүлік иелеріне қатысты.
2026 жылы азаматтар 2025 жыл үшін есептелген салықты төлейді. Оның сомасын салық органдары мүліктің құны, меншік иесі болған мерзім және қолданыстағы коэффициенттер негізінде есептеген.
Есептелген сома туралы ақпарат екінші деңгейлі банктерге жіберілген. Сондықтан көптеген азамат банк қосымшасында тиісті push-хабарлама алған.
Салықты банк қосымшалары, төлем терминалдары немесе салық сервистері арқылы төлеуге болады.
2 қазаннан бастап берешегі қалған азаматтарға хабарламалар жіберіледі. Қарыз өтелмеген жағдайда іс мәжбүрлеп өндіріп алу сатысына дейін жетуі мүмкін.