Вице-президент Ерлан Қарин маңызды мәлімдеме жасады

Вице-президент Ерлан Қарин маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанның жаңадан тағайындалған вице-президенті Ерлан Қарин Құрылтай отырысында алғаш рет сөз сөйлеп, елдегі саяси өзгерістер мен конституциялық реформалардың нәтижесіне тоқталды, деп жазады Democrat.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, кейінгі бес-жеті жылда Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде ғана емес, түрлі саласында ауқымды өзгерістер болған.

«Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезіне бастады. Сіздің қолдауыңызбен және сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдық», – деді ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата.

Жаңа вице-президент өзіне көрсетілген сенім үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, қандай қызмет атқарса да Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге уәде берді.

«Әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе» деген сөзіңіз бар. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтам. Қандай қызметте болсақ та, өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді саламын», – деді Ерлан Қарин.

Ол жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан тарихында жаңа кезең басталғанын да атап өтті. Оның пікірінше, ендігі міндет – Конституциядағы жаңа қағидаларды қағаз жүзінде қалдырмай, қоғамдық өмірдің күнделікті нормасына айналдыру.

Ерлан Қарин Құрылтай сайлауы мен конституциялық реформалар елдің саяси өміріне жаңа адамдардың араласуына мүмкіндік бергенін ерекше атады.

«Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың осындай ауқымды жұмыстарға араласуына жол ашып отыр», – деді вице-президент.

Сөз соңында Ерлан Қарин қазақстандықтарды ортақ мақсат төңірегінде бірігіп, елдің дамуы үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Барлық жаңалықтар