Асыранды 8 бөбек тағы әкесіз қалды

0
129

Жетімдер үйінен асырап алған 8 тағы да әкесіз қалды…Жамбыл облысында көлік апатынан екі полицейдің мерт болғанын естіп те жатқан шығарсыздар, алдыңғы постта біз де жаздық.

Сол екі тәртіп сақшысының бірі — патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев. Жай ғана инспектор емес, кең жүректі, мейірімді, есімін үлкен әріппен жазуға лайық АДАМ!

Үш ұлының артынан қыз сүйгісі келген Ғалекең балалар үйінен бір қыз бала асырап алмақ болған ғой.

Сол ниетпен балалар үйінен бір қыз баланы алып жатса, бір анадан туғандай тату-тәтті тұратын бөбектер оны қимай, жылап-еңіреп, етегіне жабысыпты. Оны көрген Ғалым ағамыз бұларды бір-бірінен айырмайық деп, сегізін бірдей асырап алыпты.

Балалардың ұлттары да әртүрлі: әзербайжан, өзбек, орыс, қытай. Бірақ олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде білім алады.

Жары Әлия — педагог маман, алайда үйде балалардың тәрбиесімен айналысады.

5 ұл мен 6 қыздан құралған 11 балалы Арыстанбаевтар отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы атанып, республикалық байқаудың финалисі болған.

Сонымен қатар полиция инспекторы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына енген.

Көзінің жасы енді құрғап, отбасылық жылуды, асқар таудай әкенің мейірімін көріп, көңіліне шаттық ұялаған шағында асыранды 8 бөбек тағы әкесіз қалды.

Бұл өмірдің заңдылықтарына кейде таңғаласың! Құдіретті күштер бар болса, осындай дархан болмысты пендесін бәлесінен қағып, 11 көбелектің қанаты қатайғанша, панасында, аманшылығында сақтауы тиіс еді ғой.

Кейде барлық жақсылық туралы заңдылықтарды «ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ» деген кесір жеңіп кетеді де тұрады.

Ербол Жанатұлы

Facebook  жазбасы.

Фото интернеттен алынды.