“Еркек тоқал алмаса, қыздар “бұзылады” дейді келесі “білгіш”
Жұртқа әзілдерімен танымал Ғалымжан Қалыбаев соңғы уақытта “біртүрлі” сөздерімен жақпай жүр деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.
Ютуб арналарының біріне сұхбат берген әртіс Ғалымжан: “Көп әйел алуға тыйым салу керек деп еді, қатындардың жаны кіріп қалды. Олар арғы жағын ойлап отырған жоқ. Өйткені атам қазақ айтады “әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа” дейді. Байды баласы құсатып меншіктеп алды. “Болды менікі, ешкіммен бөліспеймін” деп отыр. Ал есесіне ертең “жезөкшелер” көбейеді” дейді. Сондай-ақ ол қазақ қыздары бір еркекке екінші, үшінші әйел болып тиюі керек екенін де айтып, артынша қыздар жалғыз қалмауы үшін солай етуі керек деп сөзінің тігісін жатыстырды.
Әртіс айтқандай, қыздарымыз тоқал болмаса, қу тізесін құшақтап қала ма деген сауалмен алдымен демограф маманға сұрау салдық. “Бос сөз! Қазіргі кезде елімізде әйел мен еркек санында аса үлкен айырмашылық жоқ. 20-30 жыл бұрынғы статистикамен санасы да ескірген, ресми деректен хабарсыз, сауатсыз кісілер ғана “тоқал алу керек” деп әлі ұрандатып жүр”,-дейді Айнагүл Смағұлқызы.
Ал әртістің тоқалға байланысты пікіріне қарапайым азаматтардың басым бөлігі “білімсіздік, надандық” деп баға берді. “Мұндай пікірді дінмен санасы уланған, басында түйір миы жоқ адам айтады. Қай қазақтың қызы байсыз қалып, есік сығалап жүр еді? Бұрын жасы 22-23-тен асса, алдына келген еркекке күйеуге тие беретін қыздарымыз қазір тек өзіне лайықтысын ғана таңдайтын болды.
Міне, осы таңдау қоғамдағы кейбір сорлы еркектердің ішін күйдіріп барады. Неге? Өйткені ондайлар қазақ қызының таңдауына лайық емес. Өзі білімсіз, ортағасырлық түсінікпен қалған, діни шарт-шариғаттан басқаны білмейтін санасы қараңғы еркекті қазақтың магистратура, докторантура оқып бітірген білімді қызы неғылсын?!”-дейді алматылық ІТ маманы Димаш Әшенұлы.
“Өзінің қызы, қарындастарын бесінші әйел етіп бере берсін, басқада жұмысы болмасын! Ғылым, технологиядан хабары жоқ, дүмшелікпен миы шіріген мұндай еркекпен бүкіл өмірімді өткізгенше, қу тіземді құшақтап өткенім артық. Жасым 30-дан асты. Өз арбамызды өзіміз сүйретіп, ешкімге тоқал болмасақ та, түзу жолдан айнымай, жүріп жатырмыз.
Өзіммен тең дәрежеде сөйлесе алатын, әлемге жаңа көзбен қарайтын еркекті жанымнан көргім келеді. Сақалын сапситып, балағын далақтатып, “әйел еркектен төмен” дегендерге бар болғаны жаным ашиды. Ондай еркек керек емес! Қара күшіммен де, біліміммен де өзімді қорғай аламын. Олай болса, анау әртіс сияқты ойлайтын шарасыз, білімсіз еркектің маған не керегі бар? Әйелге еркек өмірлік дос, қорғаушы, қолдаушы ретінде керек”,-дейді астаналық Асылайым Сапар.
Хақназар САДЫРХАН,
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.