Қан донорларына ақшаның орнына марапат берілмек

Қан донорларына ақшаның орнына марапат берілмек

Қазақстанда донорларға берілетін ақшалай өтемақыны көбейту туралы ұсыныс қолдау таппады. Қаржы министрлігі депутаттық сауалға берген жауабында бюджетте жаңа әлеуметтік бастамаларға қаражат қарастырылмағанын және 2028 жылдың соңына дейін мораторий жарияланғанын мәлімдеді деп хабарлайды Democrat.kz. Informburo.kz порталына сілтеп.

Бұған дейін халық қалаулылары мен сенаторлар донорларға төленетін өтемақыны 20 жыл бұрын бекітілген 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке дейін өсіруді ұсынған еді. Сонымен қатар, «Құрметті донор» мәртебесін қалпына келтіру мәселесі де көтерілген болатын. Мамандардың айтуынша, тұрақты донорлар саны азайып, қалған еріктілерге түсетін салмақ артып барады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте Денсаулық сақтау министрлігіне донорлардың өтемақысы үшін 809,8 миллион теңге бөлінген. Алайда бұл сома бұрынғыдай 0,25 АЕК есебімен есептелген. Министрлік донорларды ынталандыру мәселесін жергілікті атқарушы органдардың құзырына қалдырып, «материалдық емес» қолдау шараларын қарастыруды ұсынды.

Дегенмен, биылғы наурыз айында Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселеге қатысты басқаша пікір білдірген еді. Үкімет басшысы донорларға берілетін тегін тамақтың ақшалай баламасын өсіру мәселесі пысықталып жатқанын жеткізген. Тіпті «Құрметті донор» төсбелгісінің эскизі дайындалып, тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қолға алынған болатын.

Ендігі кезекте Денсаулық сақтау министрлігі қаржы тапшылығы жағдайында донорларды қалай жігерлендіру керектігін өзге мемлекеттік органдармен бірлесе шешуі тиіс. Әзірге қан тапсырушылар үшін қаржылай көмектен гөрі, рухани немесе өзге де материалдық емес марапаттар басымдыққа ие болмақ.

Барлық жаңалықтар