Атыраудағы түзеу мекемесінде соққыға жығылып көз жұмған 51 жастағы ер адамның жаназасына жүздеген адам қатысты. Алайда жиналған жұрттың көбі марқұмның кішкентай қыздарды зорлағаны үшін сотталғанын білмеген, деп хабарлайды Democrat.kz.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, 22 наурызда Атырау колониясында сотталғандар арасында төбелес болып, салдарынан Дабыл Ұ. есімді тұтқын қаза тапты. Оқиға оның туған күнінде болған, қазіргі уақытта кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
25 наурызда «Иманғали» орталық мешітінде өткен марқұмның жаназасына жүздеген адам жиналды. Куәгерлердің айтуынша, жиынға тіпті қалалық әкімдік пен қадағалау органдарының өкілдері де қатысқан. Намаздан кейін қаладағы үлкен банкет залдарының бірінде ас беріліп, марқұмның денесі өзі туып-өскен Жылыой ауданындағы Құлсары қаласына жерлеуге әкетілді.
Алайда дереккөздер жаназаға келген халықтың басым бөлігі марқұмның қандай ауыр қылмыс жасағанынан бейхабар болғанын алға тартады. Белгілі болғандай, Дабыл Ұ. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі (Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және 124-бабы 4-бөлігі (Жас балаларды азғындату) бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл қылмыстың жәбірленушілері ретінде оның 5 және 8 жастағы өгей қыздары танылған еді.