«Гитлер красавчик» деген қызға сот үкімі шықты

0
203

Алматы қаласының сотында 40 жастағы Марал Жәлеловаға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» айыбы тағылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Мой город сайтына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2023 жылдың қараша айында TikTok әлеуметтік желісінде қасақана, көпшілік алдында ұлттық араздықты қоздырып, орыс ұлтының азаматтарының ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін қорлаған. Ол кезде әйелдің мыңға жуық оқырманы болған.

«Мен үшін Гитлер красавчик. Саған не ұнамайды? Ұлы Отан соғысы кезінде қазақтар соғысқан ба? Менің бірде-бір атам соғыспаған (…). Әжелері мен аталарының сүйектерін алып, бұл жерден кетсін (…). Мен үшін олар арам шөппен тең. Жақында барлық жерде қазақ тілі болады», – деп мәлімдеген әйел тікелей эфир барысында.

Марал Жәлелова өз кінәсін мойындамады.

Сот Жәлелованың кінәсін мойындамаса да, өзінің айтқан бейәдеп сөздері үшін кешірім сұрағанын назарға алды.

Сот үкімімен Марал Жәлелова тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әйел жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.

Фото дереккөзден алынды.