Қазақ береке-құтынан қашан айырылды?

0
732

Бұрын үйіміз кішкентай ғана еді. Алайда бүкіл қонақты сол үйде күтетінбіз. Қазір үйіміз дағарадай үлкен. Алайда қонақты сыртта, кафеде күтетін болдық. Неге?

Қазақ әр қонақ үйге келген береке, құт дейтін. Сол себепті де босағадан аттаған кісіге ең болмаса «нан ауыз ти» деп нан ұсынатын.

Әлі есімде, қоржын тамда тұратынбыз. Бір бөлмесі ас ішетін бөлме. Ал екіншісінде ұйықтайтынбыз. Жақында ауылға барғанымда ескіріп, тозған сол қоржын тамға арнайы кіріп көрдім. Таңғалдым.

Мына қуықтай үйге әке-шешем, әжем және бес бала-шаға қалай сыйдық? Жер үстеліміз де сол үйдің ішінде қалыпты. Сол үстелді айнала қоршай қаншама кісі отырды. «Тар екен. Қысылып барам» деген бір адамның сөзін естімеппін.

Керісінше, жаздыгүні әкемнің әпке-қарындастарының ұл-қыздары біздің үйде жиналып, улығын-шулығын ойнап жататынбыз. Сыйдық.

Бүкіл аға-әпкелеріміздің құдалығы сол үйде өтті. Ол кезде есіңізде ме, құдалар 10-12 кісі болып келетін. Сенбі күні кешкісін келетін құдалар бір түн бас құдасының үйінде қалатын. Ал жексенбі күні бүкіл ағайынның үйін аралап, жайылған дастарқаннан дәм тататын.

Қазір қоржын тамның жанында інім 6 бөлмелі кең үй салған. Сол үйде шешем, келін, інім және оның екі баласы тұрады. Бір көшенің үйінде тұрса да, ағайындар бұрынғыдай сабылып, кіріп-шықпайды. Ешкім ешкімнің үйіне бей-берекет бара бермейді.

Жаназа, той сияқты жиындарда ғана бас қосатын ағайынның өзі кафеден қайтады. Ағайынның бала-шағасы бір бірімен шұрқырасып араласып жатқаны некен-саяқ. Ал жаздыгүні ауылға құстай ұшатын бұрынғы жиендер жоқ.

Қазаққа тән бауырмалдықты, кеңдікті біз қашан жоғалтып алдық? Әлде үйдің берекесін кіргізетін қонақты кафеде күтіп жүріп барымыздан айырылып қалдық па? Әлде бөлмесі көп, кең үйлер бұл қазақты бауырмалдық, кеңдік қасиетінен айырды ма?

Автор — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.